$ 545.67  636.41  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтаулық әйел ернін үлкейтемін деп денсаулығына зиян келтірген: ол небәрі 80 мың теңге өтемақы алды

Қазақстанда құқығы тапталған тұтынушылардың мәселесі қаралды

Ақтаулық әйел ернін үлкейтемін деп денсаулығына зиян келтірген: ол небәрі 80 мың теңге өтемақы алды
Фото: freepik.com

Еліміздің әр өңірінде азаматтардың шағымы бойынша жүргізілген тексерістер нәтижесінде тұтынушылар мүддесі қорғалып, кәсіпкерлер жауапқа тартылды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy.

Тараздағы мерекелік банкет: сапасыз қызмет пен қайтарылған ақша

Жамбыл облысында Тараз қаласының тұрғыны анасының 80 жас мерейтойын мейрамханада атап өтпек болған.

Алайда мереке күні ұсынылған тағамдар келісілген мәзірге мүлде сай болмаған – ет аз, тағамдар дәмсіз, уәде етілген сазан орнына скумбрия берілген.

Қонақтардың алдында ұятқа қалған отбасы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағым түсірген. Мамандардың көмегімен кәсіпкерге талап арыз беріліп, екі күн ішінде тұтынушыға 150 мың теңге өтемақы қайтарылған.

Бұл жағдай – қоғамдық тамақтану саласында тұтынушының құқығы қорғалуы мүмкін екенін көрсететін мысал.

Айыппұл арқалаған жанармай бекеті: ақпарат болмағаны үшін жаза

Тараз қаласында тұрғын жанармай бекетінде тұтынушыларға арналған міндетті ақпараттың жоқ екенін байқап, департаментке ресми шағым жіберген. Тексеру барысында қазақ және орыс тіліндегі ақпарат болмауы, сатушының бейджінің жоқтығы және бақылау чегін алу туралы ескертудің болмауы анықталды.

Нәтижесінде кәсіпкерге 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды және бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

Қазір бекет аумағында барлық ақпарат заң талабына сай орналастырылған.

Сәтсіз косметологиялық қызмет: жасанды ерін мен қайтарылған ақша

Маңғыстау облысында Ақтау тұрғыны ерін үлкейту процедурасынан кейін денсаулығына зиян келгенін айтып шағымданған.

Клиент процедура алдында бала емізіп жүргенін ескерткенмен, косметолог инъекция жасауды тоқтатпаған.

Нәтижесінде әйелдің ерінінде ауырсыну мен асқыну белгілері пайда болған. Ол E-Өтініш платформасы арқылы арыз беріп, департаменттің араласуымен 80 мың теңге өтемақысын толық қайтарып алған.

Бұл оқиға – азаматтардың өз құқықтарын білуі мен жауапкершілікпен әрекет етуінің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Тұтынушы құқығын қорғау – әркімнің қолында

Бұл үш мысал – елімізде азаматтардың құқықтық сауаты артқанын және мемлекеттік органдардың нақты әрекетке көшкенін көрсетеді.

ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты департаменттер әр өтінішке жауап беріп, заң бұзушылықтардың алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізіп отыр.

Серіктес жаңалықтары