Қызылордалық ұстаз балаларды кітап оқуға қызықтырудың ерекше жолын тапты

Автор: Алмас Ерсін

Үйірме бүгінде кәсіби театр ұжымдарымен бірлесіп бірнеше қойылымды сахналап үлгерген

Фото: istockphoto.com; Facebook/Alibek Aldeney

Қызылордалық ұстаз балаларды кітап оқуға қызықтырудың ерекше жолын тапқан. Ол мектеп жанынан театр үйірмесін ашып, оқушыларға әдеби кейіпкерлердің образын сомдатып жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz-ке сілтеме жасап.

Сәуле Жолшараева 30 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Тәжірбиесі мол ұстаз сабақты ерекше әдіспен оқытады. Ол үшін мектеп жанынан театр үйірмесін ашқан. Оның актерлері – оқушылар. Балалар көркем шығармалардың кейіпкерлерін өздері сомдайды.    

«Кітап оқуды көтеру ең бірінші театр жобасынан басталады десем, қате айтпаған болар едім. Өйткені бала рөлді сомдау үшін ең бірінші көркем шығармадан үзінді жаттауға тура келеді. Екінші, кей жағдайда сол көркем шығарманы толық оқуға міндетті болып есептеледі. Бала рөлді сомдаймын жүріп, көркем шығарманы қалай оқығанын білмей қалады», - дейді Сәуле Жолшараева.

Сценарист те, режиссер де  Сәуле Жолшараеваның өзі. Балаларға саналы тәрбие мен сапалы білім беру үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді,-дейді әріптестері.

«Бұл жерде оқушылар грамматиканы терең меңгерумен қатар, әдебиетке деген сүйіспеншілігін, театрға деген құрметін арттыру мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Былтырғы оқу жылында оқушылар Сәуле Жақыпбекқызының арнайы жазған сценариі негізінде «Жалғызға сынақ», «Дос» қойылымдарын қойды. Және біз Жастар театрымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз», - дейді мектеп директоры Айжан Әлімова.

Үйірме жастар театрымен де тығыз байланыс орнатқан. Оқушылар кәсіби актерлермен бір сахнада өнер көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленіп те жүр. 

«Біз осы №211 мектеп театр үйірмесімен Жастар театры бірлескен жобасын жасап, «Сезімді қайтейін» деген спектакль дайындап, екі күн қатарынан Асқар Тоқмағанбетов мәдениет үйінде халыққа ұсындық. Жақсы, талантты балаларымыз өсіп келе жатыр», - дейді жастар театрының директоры Нұрмат Мансұр.