Ғалия Мұратова бірдеңе бүлдіріп қойғанын кеш түсініп, тоқтап, күйеуіне не жағдай болғанын айтып берген
Бұрынғы «Асыл», қазіргі «Елігай» тобының әншісі Ғалия Мұратова қиын жағдайға тап болды. Бұл туралы 31 арнадағы «Әділдік алаңы» бағдарламасында өнер иесінің өзі айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өмірдің ғажап сәттерін әнмен жеткізген Ғалия Мұратова үш ай бұрын алаяқтарға алданып қалған. Қаскөйлер әншінің сеніміне кіріп, 3 млнға жуық қаражатын қолды еткен. Ең сорақысы олар өздерін Әділет министрлігінің қызметкеріміз деп таныстырған көрінеді.
«Мені алақтар 2 650 000 теңгеге алдап кетті. Қалай алданып қалғанымды өзім де білмеймін. Жақындарыма алданып қалмаңдар деп өзім айтып жүретінмін», - дейді Ғалия Мұратова.
Ол оқиғаның қалай болғанын бастан-аяқ баяндап берді.
«18 маусымда белгісіз біреу қоңырау шалды. Курьермін, поштадан заттарыңызды әкеп тұрмын деді. Үйде жолдасым бар, сол кісі алады деп жауап бердім. Қолма-қол алмағаннан кейін код айтуыңыз керек деді. Код айта алмаймын деп едім, күліп жіберді де, мен сізді түсінемін, бізге адамдар сенбейді, 1414 нөмірінен келеді, басқаға кодты айтпаңыз деген жазу болмайды деді. Сол кезде маған басқа адамдар да қоңырау шалып жатты. Сол қарбалас кезінде жарайды деп кодты айта салдым. 1414-тен келгеннен кейін сендім. Сол код арқылы Еговка кіреді екен», - дейді әнші.
Алайда Ғалия Мұратова кодты айтып қойғанын түсініп, тоқтап, күйеуіне қоңырау шалған. Күйеуі тез Еговқа кіріп, кредитке стоп қоюға кеңес береді.
«Олар менің кіретінімді біліп, қайта қоңырау шалып жатыр. Телефонға қарасам, Халыққа қызмет көрсету орталығы деген жазу шығып тұр. Тұтқаның арғы жағындағы адам «сіздің аккаунтыңызға біреу кірді, өзіңіз бе?» деп сұрады. Мен емес, кодты айтып қойдым дедім. Уайымдамаңыз, өзіміз көмектесеміз, сіздің аккаунтыңбен басқа банктерге кіріп жатыр деді. Мен сеніп отырмын. Әділет министрлігінен видеоқоңырау соғады, алынып жатқан кредиттерді бұғаттайды, құтқарады деді. Видеоқоңырау жасаған адам Әділет министрлігіне арыз жазу керек деді. Мен біреулердің атына арыз жаздым, ол адамдар өмірде бар ма, жоқ па, білмеймін. Содан кейін бүкіл банктердің қосымшасын жүктеп алыңыз, сол жерден алаяқтар қанша ақша сұрап жатқанын көреміз деді. Мына банктен 5 млн сұрады, сол соманы жазыңыз деді. Сол соманы банктің шотына жіберу керексіз деді. Өмірде кредит алып көрмеген адаммын, бөліп төлеуге ғана алатынмын. Екі банк маған кредит берді. 2 650 000 теңге шықты. Алданғанымды енем қоңырау шалғанда бір-ақ білдім», - деп түйіндеді әнші.