Эстафета қатысушылары бүгін Ордабасы ауданына келіп жетті
«AMANAT» партиясының «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы Түркістан облысында жалғасуда. Эстафета қатысушылары бүгін Ордабасы ауданына келіп жетті. Ұлт бірлігінің символы атанған қастерлі мекенге табан тіреген жастарды аудан жұртшылығы Қарауыл төбе қасиетті орнында қарсы алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақ даласының құнды жәдігері саналатын төбеге бүгінде 30 метрлік Ту тұғыр орнатылып, көк байрағымыз ең биік шыңда мәңгілікке желбіреді. Халықаралық күре жолдың бойындағы ең биік нүктеге орнатылған Туымыз – мемлекеттілігіміздің берік екенін көрсететін нышан санатында.
«Осы қасиетті мекенде халқымыз бірігіп, ұлт тағдыры шешілген болатын. Ордабасыдағы ұлы жиын қазаққа бір нәрсені ұқтырды: елдіктің тірегі бірлік, болашақтың кепілі – ынтымақ. «AMANAT» партиясы да осы идеяны басты бағдар етіп бекітті. Елді біріктіретін, халықты ортақ мақсатқа жұмылдыратын басты құндылық – татулық пен жасампаз еңбек. Бұл жолда жастардың орны ерекше. Себебі Ордабасыда бабалар елдікті қорғау үшін тізе қосса, бігінгі жастар – Таза Қазақстанды құратын, жаңа тарихты жазатын басты күш», - деді облыстық партия филиалының төрағасы.
«AMANAT» партиясы жүзеге асырып отырған road-эстафетаның маңызды миссиясы туралы партияның «Жастар Рухы» жастар қанатының жетекшісі Ақерке Искандерова айтып берді. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы қолға алған «Таза Қазақстан» идеясы бұл тек экология емес, ол таза ой, таза ниет, адал еңбек екенін жеткізді. Қоршаған ортаны қорғау, таза еңбек пен адалдықты дәріптеу, жаңа мүмкіндіктерді игеру – осының бәрі жас ұрпақтың жігерімен ғана жүзеге асатынын мәлімдеп, партиямыз жастарға сенетінін, олардың ұсынысын тыңдайтынын, әр бастаманы қолдауға дайын екенін білдірді.
«Сіздер тамашалап тұрған бұл көпір 1886 жылы Ұлы Жібек жолы бойындағы ағаш көпірдің орнына салынған. Көріп тұрғандарыңыздай, көпірдің қаңқасы тұтас болат темірден жасалған. Ғажабы сол, оны құрастыруда бірде-бір бекіткі құралдары пайдаланылмаған. Осы кезге дейін көпірдің табанына қаланған кірпіштер үгітілмей, сол қалпында сақталған. Инженерлік нысан тарихи ескерткіш ретінде жергілікті маңызы бар тарихи объектілерге жатады», - деп атап өтті облыстық партия филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының жетекшісі Жансерік Жұман.
Түркістан облысының Ордабасы, Бәйдібек аудандары мен Арыс қаласының әкімшілік аумақтары түйіскен бұл нүктеде көлік қозғалысы қарқынды, жолаушылар ағыны бір сәтке де толастамайды. Осы аумаққа жақын Бөген су қоймасының балығын іздеп келуші азаматтардың да қатары көп. Қым-қуыт қозғалысы бар аймақта күн сайын тазалықты қамту жұмыстары үлкен күшті қажет етеді. Жол бойын ретке келтірген эстафета қатысушылары шамамен 1 тоннаға жуық қоқыс жинап, арнайы техникалармен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына жөнелтті.
Атап өтуіміз қажет, «Бірлік» монументі «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының құрамына кіреді. Бұл тарихи маңызға ие қорық 1993 жылдың 26 мамырында құрылған. Қорық аумағы 1100 гектардан асады, осы аумақта тарихи маңызға ие 10 ескерткіш бар. Қазақтың абызы Әбіш Кекілбаев Ордабасы төбесін Қазақ рухының қағбасы деп атаған. «Бірлік» монументі 1997 жылы бой көтерген. Қастерлі мекеннің таза болуын қамту, оның бүлінген тұстарын ретке келтіру – ұлттық рухымызға тағзым, тарихымызға құрмет деген пікірлерін жеткізді эстафета қатысушылары.
«Вандализм тек материалдық шығын ғана әкелмейді, ол – адамдардың мәдени құндылыққа, ортақ игілікке деген құрметін азайтады. Адал азамат жауапсыздық пен тәртіпсіздікке бармайды, қоғамға ортақ мүлікті бүлдірмейді. Осындай акция өткізу арқылы замандастарымызды мәдениетті болуға үндейміз. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Шаңырағымыз шаттыққа толсын десек, құндылықтарымызды қадірлей білейік», - дейді эстафета қатысушысы Ақниет Тұрдалы.