30 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды
Ұлытау облысының прокуратурасы жүргізген тексерістер нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 200 миллион теңгеден астам қаржы өндірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл прокуратура органдары мемлекеттік кірістерді бақылау және атқарушылық іс жүргізу саласында 20 тексеру мен талдамалық іс-шара өткізген.
Оның нәтижесінде көптеген заңбұзушылық анықталып, 30 лауазымды тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бюджетке 200 миллион теңгеден астам берешек қаражат қайтарылған.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, мұндай тексерістердің басты мақсаты — мемлекеттік қаражаттың толық әрі тиімді игерілуін қамтамасыз ету.
«Бюджетке түсетін түсімдердің әр теңгесі өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына әсер етеді. Сондықтан заң талаптарын орындау – баршаға ортақ міндет», – делінген прокуратура мәлімдемесінде.
Прокуратура атқарушылық іс жүргізу саласында да нақты нәтижелерге қол жеткізген.
Жыл басынан бері 21 қылмыстық іс қозғалды (Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша — алимент төлемеу фактілері); 31 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды; 10 жүргізушінің куәлігі уақытша тоқтатылды; 12 автокөлік айып тұрағына қойылды; 30 адам іздеуге жарияланды; 22 борышкер тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Ведомствоның хабарлауынша, мұндай шаралар заңды орындауға салғырт қараған тұлғаларды жауапқа тарту және әлеуметтік әділеттілікті орнату мақсатында жүзеге асырылады.
«Әр азамат өз борышын орындауға тиіс. Мемлекет алдындағы жауапкершілік – заң талабы ғана емес, қоғам алдындағы адалдықтың көрінісі», – деп атап өтті облыстық прокуратура өкілдері.