Ол қызметтік әдепті өрескел бұзған
Өскемен қаласында прокурор қызметтік әдепті өрескел бұзып, мас күйінде көлік жүргізгені үшін қызметінен босатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Өскемен қаласында болған. Прокуратура өкілі Вилори Пан мас күйінде көлік жүргізіп, жол жиегіндегі бағанға соғылған.
Апаттан кейін тексеру нәтижесінде оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
«Құқық қорғау органының беделін түсіретін әрекет жасағаны үшін, Өскемен қалалық прокуратурасының прокуроры Вилори Пан Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» заңы аясында қызметінен босатылып, «1-санатты заңгер» шенінен айырылды», — деп мәлімдеді облыстық прокуратура.
3 қазан күні мамандандырылған әкімшілік сот Панды ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 20 тәулікке әкімшілік қамау және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын белгіледі.
ШҚО прокуратурасы бұл оқиғаға байланысты қатаң ішкі бақылау жүргізілгенін және мұндай жағдайларға нөлдік төзімділік қағидаты қолданылатынын атап өтті.
«Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қойылатын талап жоғары. Мұндай оқиғалар мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан кез келген тәртіп бұзушылыққа жол берілмейді», — делінген ведомство хабарламасында.