Қостанай облысында тойында отшашу ұйымдастырған жігіт айыппұл төледі

Автор: Дәулет Ботагөз

Сот айыппұл мөлшерін жеңілдетті

Фото: © istockphoto.com

Қостанай облысының Лисаковск қаласында той кезінде рұқсат етілмеген жерде отшашу ұйымдастырған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Наша газета» басылымына сілтеме жасап.

Отшашу сотқа ұласты

Оқиға 20 қыркүйек күні сағат 23:15 шамасында мейрамхананың маңында болған. Күйеу жігіт өзінің үйлену тойында пиротехника қолданып, тұрғындардың тыныштығын бұзған.

Полиция материалдары бойынша іс Лисаков қалалық сотында қаралған. Сот азамат Р.-ны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 436-бабы 2-бөлігі («Пиротехникалық бұйымдарды елді мекендерде белгіленбеген жерлерде қолдану») бойынша кінәлі деп таныды.

Айыппұл мөлшері азайтылды

Аталған бапқа сәйкес, мұндай құқықбұзушылық үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК)көлемінде айыппұл және пиротехниканы тәркілеу қарастырылған.

Алайда сот айыппұл мөлшерін жеңілдетіп, оны 55 048 теңге көлемінде белгілеген.

«Айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкінетінін білдірді. Отшашу үйлену тойының құрметіне атылған», – делінген сот құжатында.

Соттың қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.