ШҚО-да әйел адамды қорлады деп айыпталған ер адам сотта ақталып шықты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Сотта оған тағылған айып негізсіз екені дәлелденді

Фото: istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысында аудиожазбаға байланысты әйел адамды қорлады деп айыпталған азамат ақталып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот үкімі

Облыстық соттың ресми мәліметіне сәйкес, қылмыстық іс Зайсан аудандық сотында қаралған.

Сот отырысы барысында айыпталушы тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеп, таратылған аудиожазбада жәбірленушіні қорлау мақсаты болмағанын, тек шынайы деректерге сүйенген өз пікірін білдіргенін жеткізді. Ол дауыстық хабарламаны өзі жібергенін жасырған жоқ.

Сараптама қорытындысы

«Сот сараптамасының қорытындысы бойынша аудиожазбада ар-намысты қорлайтын, әдепсіз сөздер қолданылмаған. Сонымен қатар жәбірленушінің жауапкершілікке тартылғаны туралы мәліметтер құжатпен расталды және шындыққа сәйкес келеді», – делінген сот хабарламасында.

Шешім

Осыған байланысты сот айыпталушының әрекетінде ҚР ҚК-нің 131-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ деп танып, оны ақтау туралы шешім қабылдады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.