Ол 3,8 млн теңгесінің 500 мың теңгесін аударып үлгерген
Қостанайда тәртіп сақшылары 71 жастағы зейнеткер әйелді алаяқтардан құтқарып қалды. Олар оған WhatsApp арқылы хабарласып, қылмыстық іске қатысы бар деп сендіріп, банк депозитінен 3,8 млн теңгесін шығарып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зейнеткерге ер адам хабарласып, өзін «заңгер» ретінде таныстырған. Ол зейнеткердің атына 3 млн теңгелік виртуалды карта ашылып, қаражат іздеуде жүрген күдіктінің қолына түскенін айтқан. Осыдан кейін оны «терроризмге қатысы бар» деген желеумен қорқытып, шоттарын «құтқару» үшін қаражатты тез арада шығарып алуға мәжбүрлеген.
Зейнеткер банктен 3,8 млн теңге шығарып алып, түбіртектердің суретін хабарласқан нөмірге жіберген. Оған ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аудару жөнінде нұсқау берілген.
Әйел адам қаладағы сауда орталықтарының бірінде терминал арқылы ақша аударуды бастаған. Ол 500 мың теңгені жіберіп үлгерген кезде дүкен қызметкері күдікті жағдайды байқап қалған. Қызметкер әйелдің біреумен телефон арқылы сөйлесіп жүріп ақша аударып жатқанын көріп, оған тоқтау салуға тырысқан. Бірақ әйел қарсыласып, «кедергі жасамауын» сұрайды.
Сатушы полицияға хабар беріп, оқиға орнына киберқылмысқа қарсы бөлім қызметкерлері жедел жеткен.
Әйел адам таксиге отырып үлгерген, себебі алаяқтар оны басқа жерге апармақ болған. Зейнеткер полицияға сенбей, алаяқтармен сөйлесуді сонда да тоқтатпаған. Көшедегі куәгерлер де оны көндіруге тырысқанымен, ол өзін «гипнозда жүргендей» ұстаған. Тек жарты сағаттан кейін ғана өзінің алданғанына көз жеткізіп, ақшасын сақтап қалған.
Әйелдің айтуынша, алаяқтар өте сенімді сөйлеп, артық ойландыруға мүмкіндік бермеген.
Көршілердің, сатушының және полицияның жедел әрекеттерінің арқасында зейнеткер 3,3 млн теңгесін сақтап қалды. Қалған 500 мың теңге алаяқтардың қолына түсіп үлгерген.
Бұл фактіге байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді іздеу жұмысы жүріп жатыр.