Алматыда жолға сыймай, ерегісіп қалған екі жүргізушінің біреуі тапанша алып шықты (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Кейіннен оның қолындағы тапаншаға ұқсас зат қарапайым темекі тұтатқыш екені анықталды

Фото: Видеодан скрин

Алматыда жолға таласқан екі жүргізуші төбелесіп қала жаздады. Ал ең қорқыныштысы, біреуінің қолында тапаншаға ұқсас зат болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алайда, кейіннен оның қолындағы тапаншаға ұқсас зат қарапайым темекі тұтатқыш екені анықталды.

Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды.

«Алматыда жағдай тым қауіпті болып барады. Күлджін тас жолында екі ер адамның арасында жанжал шықты. Сол сәтте жол таластырған көлік жүргізушісі еш қысылмай, қолына қаруға ұқсас зат ұстап, қарсыласына бірдеңе түсіндіруге тырысты», – делінген әлеуметтік желідегі жазбада.

Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«Әлеуметтік желілерде екі ер адамның арасындағы жол жанжалы бейнеленген видео тарады. Сол жерде бір тараптың қолында тапаншаға ұқсас зат болғаны байқалған. Түрксіб ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген тексеру барысында оның қолындағы зат шын мәнінде тапанша түріндегі темекі тұтатқыш екені анықталды. Ер адам дереу ұсталды. Оның әрекеті ұсақ бұзақылық ретінде сараланды», – делінген полиция департаментінің агенттікке берген жауабында.

Арнайы әкімшілік сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

«Қоғамдық тәртіпті бұзуға, агрессияны өршітуге бағытталған кез келген заңға қайшы әрекеттер қатаң түрде тоқтатылады», – деп атап өтті полиция өкілдері.