БҚО-да ер адам алданып, 30 млн теңгесінен айырылып қалды: сот арқылы 2 млн теңгесін ғана қайтара алды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол алаяқтардың құрбаны болғаны айтылды

Фото: istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысында ер адам алаяқтардың әрекетінен 30 млн теңгесінен айырылып қалды. Сот арқылы тек 2 млн теңгесін ғана қайтара алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан азаматы сотқа берген талап-арызында өзін алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы 30 млн теңгесінен айырылып, алаяқтардың құрбаны болғанын айтты.

«Талапкер интернеттегі жарнамалық сілтеме арқылы өтіп, өзін мұнай компаниясының өкілі ретінде таныстырған адаммен байланысқан. Кейін ол адамның нұсқауымен құрылғысына қосымша орнатып, өзінің смартфонының экранын қашықтан басқаруға рұқсат берген», – деп хабарлады сот.

Алаяқтықтың мән-жайы

Тек кейін күдіктенген азамат полицияға жүгінген. Белгісіз тұлғаларға қатысты ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Тергеу барысында талапкердің шотынан 2 млн теңгенің жауапкердің банк картасына аударылғаны анықталды.

«Сонымен бірге, талапкер басқа көрсетілген сілтемелер арқылы тағы 28 млн теңгені өзге алаяқтардың шотына аударып жіберген. Осылайша, ол жалпы 30 млн теңге көлемінде шығынға ұшырады», – делінген сот хабарламасында.

Соттағы тартыс

Талапкер жауапкерге ақшаны қайтару туралы талап жолдағанымен, ол WhatsApp арқылы жазбаша түрде бас тартқан.

Соттан ол жауапкерден 2 млн теңге негізсіз байыған соманы және сот шығындарын өндіруді сұрады.

Алайда жауапкер талаппен келіскен жоқ. Ол ақшаны цифрлық активтерді сауда алаңында сату барысында алғанын алға тартты.

Дегенмен, сотқа ұсынылған скриншоттар олардың түпнұсқалығы мен нақты бір қолданушыға қатыстылығын дәлелдей алмады.

«Бұл суреттер электронды қолтаңбамен расталмаған, платформа тарапынан ресми жауаптармен немесе үзінділермен сүйемелденбеген, операцияның ресми құжаттық рәсімделу белгілерін қамтымайды, нотариалды түрде расталмаған. Мұндай жағдайларда сот жауапкердің платформадағы әрекеті мен талапкердің ақшалай аударымдары арасында себеп-салдарлық байланысты көре алмайды», – делінген сотта.

Сот шешімі

Сот тараптар арасында ешқандай шарттық қатынастар болмағанын, сондай-ақ олардың бар екендігі туралы жеткілікті дәлел ұсынылмағанын атап өтті.

Осыған байланысты сот талапкердің шотынан жауапкердің картасына ақшаның түскенін анықтады, алайда оның заңды негізін дәлелдей алмағандықтан, мұны негізсіз байыту деп таныды.

Сот талапкердің 2 млн теңге өндіру туралы арызын толық қанағаттандырды.

Шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.