Бұрынғы банкир Жомарт Ертаев қайта қамауға алынды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Рақымшылық туралы қаулының күші жойылды

Фото: Жомарт Ертаевтың парақшасынан

ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі экс-банкир Жомарт Ертаевтың қайтадан қамауға алынғанын растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Сот шешімінен кейін ол ұсталып, қазіргі уақытта қамауда отыр», – делінген ҚАЖК хабарламасында.

Осыған дейін, 2025 жылғы 2 қыркүйекте Алматы қаласының Алатау аудандық соты Ертаевтың өтінішін қанағаттандырып, оны жазасының өтелмеген бөлігінен босатқан еді. Ол кезде 11 ай 16 күн жазасы кешірілген болатын. Шешім «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты Рақымшылық туралы» заңның 3-бабының 6-тармағына негізделді.

Алайда 2 қазан күні Жомарт Ертаевқа қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату қаулысы жойылғаны белгілі болды.

Ертаевқа тағылған айыптар

Еске салсақ, 2020 жылғы қарашада Алматыда бұрынғы банкир Жомарт Ертаевқа үкім шығарылды. Ол Bank RBK-ға тиесілі 144 млрд теңгені жымқырды деп танылып, орташа қауіпсіздік колониясында 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған 10 жыл бойы банк және қаржы саласында жұмыс істеуге тыйым салынды.

Бұдан кейін, 2021 жылғы наурызда ол тағы бір қылмыстық іс бойынша сотталды. Бұл жолы Bank RBK, Qazaq Banki және «Еуразиялық банк» қаражатынан 188 млрд теңгеден астам соманы жымқыру ісі қаралды. Сот Жомарт Ертаевты қылмыстық топ құру мен алаяқтық жасады деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды.

Осылайша, ол ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 28-бабы 3-бөлігі, 228-баптары бойынша ауыр қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Жазаны жеңілдету

2021 жылғы мамырда апелляциялық сот оның алғашқы ісі бойынша жазасын жеңілдетіп, мерзімді 11 жылдан 9 жылға дейін қысқартты.