Әкімдік түсініктеме берді
Алматыда Қордай көшесінде жол жөндеу үшін асфальт тасып жүрген жүк көлігі опырылған жерге түсіп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, Қордай көшесінде ауызсу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның тапсырыс берушісі — «Алматы Су» мекемесі, ал мердігер ұйым — «СК Стар Вэй» ЖШС.
Әкімдіктің хабарлауынша, Қордай көшесінде траншеяны көму барысында арнайы техника тұрған жерде жол опырылып түскен.
«Оқиға орнына мамандар мен әкімдік қызметкерлері дереу шықты. Қазіргі уақытта траншея қайтадан көміліп, құм-қиыршық тас қоспасы және балласт пайдаланылып жатыр. Барлық жұмыс бақылауда», – делінген әкімдіктің хабарламасында.
Қала басшылығы қазір бір уақытта екі жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті:
«Жол жабыны толықтай қалпына келтіріледі. Жұмыстарды аяқтау мерзімі осы жылдың 15 қазанына дейін жоспарланған», – делінген мәлімдемеде.