Оған қатысты сот үкімі шықты
Ұлытау облысының соты кастетпен адамға шабуыл жасап, денсаулығына ауыр зиян келтірген жасөспірімге қатысты қылмыстық істі қарады. Нәтижесінде шартты түрде 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот материалдарына сәйкес, жасөспірімге ҚР ҚК 287-бабының 1-бөлігі («Суық қаруды заңсыз алып жүру») және 106-бабының 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша айып тағылды.
2025 жылдың 8 наурызында ол металл кастетті заңсыз алып жүріп, жәбірленушінің қабырға тұсына соққы жасаған. Нәтижесінде жәбірленушінің 7-8-қабырғасы сынған, сүйектердің ығысуы тіркелген. Бұл адам өміріне қауіпті ауыр жарақат ретінде танылды.
Айыптаушы тарап жасөспірімді кінәлі деп танып, оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотта жасөспірім өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, бостандықта қалдыруды сұрады.
Сот үкімінде оның жасөспірім екені, шын жүректен өкінгені және жәбірленушінің де заңсыз әрекеті қылмысқа себеп болғаны ескерілді. Айыптының жағдайын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот жасөспірімді екі бап бойынша да кінәлі деп танып, оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Алайда Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес, бұл жаза шартты деп есептеліп, оған 1 жыл мерзімге пробациялық бақылау орнатылды.