Алматы облысында жер үй өртеніп, әйел адам емізулі сәбиімен бірге тірідей жанып кетті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Өрттің жалпы аумағы 448 шаршы метрді қамтыған

Фото: Видеодан скрин

Алматы облысы Іле ауданының Кенен Әзірбаев ауылында үш жер үй өртенді. Әр үй екіге бөлінген, яғни жапсарласып салынған. От сондай-ақ ауладағы шаруашылық нысандарға да тараған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға орнынан түсірілген бейнематериалдарда құрылыстардың қалай өртенгені анық көрінеді. Бұл кадрлар әлеуметтік желілерде тез тарап кеткен.

Куәгерлердің айтуынша, қайғылы жағдай таңғы сағат алты шамасында болған.

«Әйел адам мен омыраудағы сәбиі тірідей жанып кетті, ал ер адамды дәрігерлер ауыр күйікпен алып кетті», – делінген жарияланған бейнежазбалардың біріндегі сипаттамада.

Өрт сөндірудегі қиындықтар

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде ашық жалын байқалған. Хабардың кеш түсуіне байланысты өрт тез өршіп үлгерген.

Тілсіз жауды сөндіруді қиындатқан жайттар:

  • ауа температурасының жоғары болуы,
  • қатты түтін,
  • үйлердің құрылыс ерекшеліктері (қалқандардан және қамысқаптан тұрғызылған).

Сонымен қатар, тар көшелер мен тығыз орналасқан құрылыстар да кедергі келтірген. Ғимараттар арасындағы арақашықтық небәрі 1,5-2 метрді құраған.

Қаза болғандар мен зардап шеккендер

«Өрт орнынан екі адамның мәйіті табылды. Бір адам күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады Алматы облысының ТЖД.

Өрттің жалпы аумағы 448 шаршы метрді қамтыған. Сөндіру барысында қызыл жалын аумағынан төрт газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды.

Өрт сөндірушілердің күші

Өртті сөндіруге Алматы облысы және Алматы қаласы ТЖД-нің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Барлығы 18 қызметкер мен 6 техника тартылған.