ШОБ несиесіне субсидия кешіксе, кәсіпкерлердің сенімі шайқалады - Мақсат Толықбай

Автор: Аягөз Құрмаш

Қымбат несие мен кешігіп жатқан субсидияның кесірінен ШОБ тұралап тұр, дейді «AMANAT» фракциясының мүшесі

Фото: instagram.com/maksattolykbai/

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбайдың айтуынша, соңғы кездері шағын және орта бизнестің несиесіне бюджеттен субсидияның кешігіп жатқаны «тәртіпсіз» тәртіпке айналған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Елімізде жүз мыңдаған кәсіпкер онсыз да қымбат несиесінің пайыздық сыйақысына мемлекет уәде еткен өтемақыны айлап ала алмай, сарылып күтіп отыр. Қысылтаяң шақта кәсіпкерлерді қолтығынан сүйейді деген бағдарлама қазір Алматы қаласынан басқа өңірдің бәрінде тоқырап тұр. Бірақ оңтүстіктегі мегаполистің кәсіпкерлеріне де тықыр таянған. Қалған өңірлерде субсидияға бөлінген қаржы жазда таусылып қалған, жаңа өтініштер әзірге жауапсыз қалып отыр», - деді ол үкіметке жолдаған сауалында.  

Депутат ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтергендіктен, екінші деңгейлі банктер беретін несие мен лизинг шарттары кәсіпкерлеріміз үшін өте ауыр деп отыр.

«Бизнеске беретін несиенің пайыздық сыйақысының жылдық мөлшерлемесі 25 пайызға жетеді. Батпандай борышты орта және шағын бизнес қалай төлейді? Мұндай қымбат несиемен әлемде қандай бизнес жоспар болса да табысқа кенелмейді. «Даму» қоры жыл басынан бері банктер шағын және орта бизнестің жалпы құны 300 млрд теңге болатын 2 200 жобасын мақұлдағаны туралы дерек ұсынады. Ал шын мәнінде 120 млрд теңге ғана жұмсалған, яғни өтініш бергендердің 40 пайызы ғана несиеге қол жеткізген. Қалған кәсіпкерлер қолдаусыз, құралақан қалды. Осыдан кейін бизнес мемлекеттік бағдарламаларға қалай арқа сүйейді? Мемлекетке сенім болмаса, онда санда бар, санатта жоқ мұндай бағдарламалардан не пайда?», - дейді ол.

Мақсат Толықбай несиеге кепілдік беру жағы да ақсап жатыр дейді.

«Кепілдікке қоятын мүлкі жоқ бизнес өкілдерінің борышын кепілмен қамтамасыз ету жағын оңтайландыру, кәсіпкерге ыңғайлы болуы керек еді.Оған жауап ретінде ұлттық экономика министрлігінің қор капиталына қатысты ұсынған ережесі керісінше «бұл қалай?» деген сан сауал тудырып отыр.Кепілдік берудің жаңа тетігі банктерді кепілдік көлеміне қарамастан «Даму» қорын капиталдандыруға міндеттеп қойған. Естіген құлақта жазық жоқ, «Даму» қорына құюға тиіс жарна сомасын банктер «квазисалық» деп атап жатыр.Сонда банктер кәсіпкерлерге несие берудің орнына, мемлекеттік даму қорын қаржыландырумен айналыса ма?  Тағы бір түсінбейтін мәселе, банктер қордың қатысуынсыз ақ, өзара несиелерін кепілдендіре алатын болса, үкімет жеке бизнестің есебінен тағы бір кедергіні қолдан неге жасап отыр? Одан кәсіпкерлерімізге қандай пайда барын осы ережені жасағандардан өзге ешкім түсіне алмай дал», - дейді Мақсат Толықбай.

Оның пікірінше, осындай «квазисалықты» тек банктерге теліп қою туралы шешімді тиімсіз шара.

«Банктер қаржысын қордың капиталына салып қойғанша, қаржыдан қысылған бизнеске несие бергені дұрыс емес пе? Нәтижесінде үкіметтің бұл шарасының аты ғана шағын және орта бизнесті қолдау, ал заты – кедергі келтіріп қорлау.Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мұндай қорларды қаржыландыруға мемлекет, банктер, даму инстиуттары және кәсіпорнының төңірегінде шағын және орта бизнес белдеуінің қалыптасқанына мүдделі ірі өндірістер – әр саланың көшбасшылары бірдей атсалысады. Осының арқасында қарыздарды кепілдендіру бойынша банктерге салмақ түспейді, ал бизнеске несие алу жеңілдейді. Сол себепті қор донорларының аясын кеңейтуді ұсынамыз», - дейді ол.

Осыған байланысты Мақсат Толықбай келесі ұсыныстарды айтты:

  • шағын және орта бизнестің алған несиелеріне субсидия төлеуді қайта жалғастыруды және олардың толық көлемде әрі уақытылы берілуін қамтамасыз етуді;
  • кепілдендіру қорын капиталдандыру тетігін қайта қарауды, оны қаржыландыруға мемлекеттік даму институттарын,квазимемлекеттік құрылымдар мен ірі кәсіпорындарды тартуды, екінші деңгейлі банктердің жарна мөлшерін қайта қарауды ұсынамыз.

«Еліне сенген еңкеймейді» дейді халық. Қазір елімізде жүз мыңдаған шағын және орта кәсіпкер мемлекеттің қолдауына сеніп отыр. Қолдаудан көрі онсыз да зорыққан отандық бизнесті зорлауға ұқсайтын түсініксіз тетіктер мен ерсі ережелер сол сенімге селкеу түсіреді», - дейді ол.