Ол – Чемпиондар лигасыеың тарихында 11 метрлік соққыны қайтарған ең жас қақпашылардың бірі
УЕФА ұйымы «Реалға» қарсы матчтың алдында «Қайраттың» жас қақпашысы Шерхан Қалмұрзаға қолдау білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Матчтың басталуына санаулы сағат қалғанда УЕФА өзінің Threads желісіндегі парақшасында жас қақпашының «Спортингке» қарсы ойында пенальти қайтарған сәтін жариялады.
«Қайраттың» 18 жастағы голкипері Шерхан Қалмұрза», - деп жазды УЕФА ресми парақшасында.
Айта кетерлігі, Чемпиондар лигасының алғашқы турында «Спортингке» қарсы ойынның 21-минутында Шерхан Қалмұрза Педру Хюльмандтың орындауындағы пенальтиді қайтарған. Осылайша ол Чемпиондар лигасы тарихындағы 11 метрлік соққыны тойтарған ең жас қақпашылардың бірі атанды.
Матч өткен сәтте туғанына 18 жыл 96 күн болған. Абсолютті рекорд «Бенфика» қақпашысы Миле Свиларға тиесілі: ол 2017/18 жылғы маусымдағы топтық кезеңде «Манчестер Юнайтедке» қарсы ойында, небәрі 18 жас 65 күнінде Антони Марсьялдың пенальтиін қайтарған.
Сонымен қатар, Шерхан Чемпиондар лигасында дебют жасаған ең жас үш қақпашының қатарына кіріп, мадридтік «Реалдың» аңыз қақпашысы Икер Касильясты да артта қалдырды.
Бүгін «Қайрат» өз алаңында әйгілі «Реал» командасын қабылдап, 0:5 есебімен жеңіліп қалды.