Олар дәрігерлерге жылдам жеткізді
Көкшетауда бір жарым жастағы баланың өмірі полицейлердің жедел әрекетінің арқасында құтқарылды, олар сәбиді қызметтік көлікпен ауруханаға жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, Көкшетауда полицейлер кішкентай баланы құтқарып қалуға көмектесті.
Оқиға 27 қыркүйек күні таңертең Сүлейменов көшесінде жанармай құю бекетінің жанында болған. Полицейлер жүріп келе жатып, кенеттен жол үстінде тоқтап қалған автокөлікті байқайды. Оның жүргізушісі салонда бір жарым жастағы баласының кенеттен тұншыға бастағанын айтқан.
Автопатруль қызметкерлері бірден баланы жанындағы әйелмен бірге қызметтік көлікке отырғызып, облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Бірнеше минуттан кейін бала дәрігерлерге тапсырылды.
«Біз барынша жылдам әрекет еттік. 5-7 минут ішінде бала дәрігерлерге жеткізілді. Қатты уайымдадық, бірақ бәрі жақсы аяқталғанына қуаныштымыз», — деді патруль қызметкерлерінің бірі.
Кейінірек сәбидің туыстары полицейлерге кәсібилігі мен жылдамдығы үшін алғыстарын білдірді.