«Балаларымның суретін көрсетіп қорқытты»: депутат букмекерлердің қысымы туралы айтты (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Ол Лудоманияға қарсы заң талқыланған кездегі қиындықтар жайлы еске алды

Фотр: parlam.kz

Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев журналист Айкерім Есенәліге берген сұхбатында Лудоманияға қарсы заң жобасымен жұмыс барысындағы лоббизм мен кедергі келтіруге талпынғандар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат өз сөзінде лоббидің шарықтау шегін көрген заң жобасы лудоманиямен күресте болғанын, әсіресе букмекерлер тарапынан жасалғанын айтты.

«Жалған ақпараттар тарады. Мен өзімді өзім танымайды екенмін ғой деп ойладым. Көбінде жабық форматтағы Telegram каналдарда, оның ішінде саяси конъюнктура тыңдайтын каналдарда болды. Оларға жеке хабарласып, бұл ақпаратты қайдан алдыңыз деп едім, біздің көзқарасымыз сондай деді. Олармен соттасып, әуреленген жоқпын. Аққа Құдай жақ деп жұмысымызды жалғастыра бердік.

90-шы жылдардағындай қара киім киінген жігіттермен де кездесуге тура келді. Кездесуде балаларымның суретін көрсетіп қорқытты. Сондайға дейін барды. Мен сол кезде оларға бірден айттым, егер екінші рет хабарласатын болса, құқық қорғау органдарын іске қосамын, артынан ешқандай реніш болмасын дедім», – деп депутат еске алды.

Айта кетейік, лудоманияға қарсы заң жобасы 2 жыл талқыланған еді. Бір жыл бұрын қабылданған заңға сәйкес, 21 жасқа толмағандарға құмар ойын ойнауға тыйым салынады. Ел тұрғындары бәс тігуге өзіне онлайн түрде шектеу қоя алады

Сұхбат барысында мәжіліс депутаты бір палаталы парламентке қатысты эксперттік талдауын, депутаттардың халықты қабылдауы мен мәслелерді талдау тұрғысындағы жұмыс барысына тоқтала кетті. Елнұр Бейсенбаев отбасы институты мен бала тәрбиесі, әйелдердің саясаттағы рөлі туралы да пікірлерін ортаға салды.