«Қайрат» пен «Реал» ойыны кезінде тәртіпті көп тіл білетін жауынгерлер күзетеді

Автор: Асыл Арман

«Қайрат» пен «Реал Мадрид» Алматыда кездеседі

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Алматының Орталық стадионында Чемпиондар лигасы аясында «Қайрат» пен «Реал» кездеседі. Көрерменге лық толатын стадионда қазақстандық жанкүйерлермен бірге шетелден келген қонақтар да болады. Арена ішінде де, сыртында да тыныштық пен тәртіпті ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінің мыңнан астам әскери қызметшісі қамтамасыз етеді. Солардың қатарында бірнеше тіл білетін қатардағы жауынгерлер Ержан Жарков пен Руслан Тілеуқабыл бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көп тіл білетін ұландықтар

Ақтаудан шақырылған Ержан Жарков қазақ, орыс, ағылшын, испан және француз тілдерін еркін меңгерген. Ол Алматы көшелерінде патрульдік қызмет атқарып, тұрғындар мен туристерге көмек көрсетіп жүр.

Қонаев қаласының тумасы Руслан Тілеуқабыл қазақ, орыс, ағылшын, неміс және жапон тілдерінде сөйлей алады. Оның шетелдіктермен тез тіл табысу қабілеті халықаралық іс-шараларда аса маңызды.

Жауапты қызмет пен сенім

Қызмет барысында қос жауынгер өзін тәртіпті әрі жауапты ұландық ретінде көрсетті. Олардың көп тілді меңгеруі шетел азаматтарының сенімін арттырып, қызметтің тиімділігін күшейтеді.

«Футбол – әлем халқын біріктіретін құндылық. Біздің міндетіміз – жанкүйерлердің ойыннан ләззат алып, өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау, – деді Руслан Тілеуқабыл.

Қазақстанның қонақжай бейнесі

Ұлттық ұланның Ержан Жарков пен Руслан Тілеуқабыл сияқты полиглот жауынгерлері ел ішінде заң мен тәртіптің берік тірегіне айналып отыр. Олар Алматы көшелерінің тыныштығын күзетіп қана қоймай, Қазақстанның қонақжай әрі қауіпсіз ел ретіндегі бейнесін айқындай түсуде.