Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов айтты
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров қызметінен босатылмайды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ал, шенеуніктің үстінен іс қозғап жіберген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылуы тиіс, деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов бүгінгі Мәжіліс отырысының кулуарында. Оның айтуынша, прокуратура сыбайлас жемқорлықпен күрес органына осындай ұсыныс жолдаған.
Ал, Мәнізоровтың өзі болса әлі күнге дейін ақысы төленбейтін еңбек демалысында. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Демалысы 1 қарашада аяқталады. Болған оқиғадан кейін жұмыстан шыға ма, жоқ па – оны өзі шешеді. Қандай жағдай болса да, ол штатта және облыс басшылығы оның қызметіне оң баға беріп отыр. Оны жұмыстан шығармайды», - деді әкімдік өкілдері.
Еске салсақ, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров қыркүйек айының соңында ұсталды деген ақпарат тарады. Шенеунікке қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылған. Алайда, 29 қазанда Бағдат Сайланбайұлына қатысты қозғалған қылмыстық істің тоқтағаны туралы хабарланды.