Алматы зообағында Амур жолбарысы екі күшік төлдеді

Автор: Алмас Ерсін

Демалыс күндері келушілер зообақтың жаңа тұрғындарын тамашалай алады

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы зообағында Амур жолбарыстары – 6 жастағы Бентли мен 5 жасар Айканың жұбынан екі еркек күшік өмірге келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бұл біздің зообақ үшін жолбарыстар арасындағы соңғы жылдардағы алғашқы ұрпақ. Жаңа туған төлдер Амур жолбарысы сияқты сирек кездесетін түрдің сақталып, көбеюі үшін өте маңызды», - деп жазды зообақ әкімшілігі.

​Амур жолбарысы Қызыл кітапқа енген және жойылып кету қаупі бар түрлер қатарына жатады. Негізгі себептер – заңсыз аң аулау, олардың табиғи мекендеу аймағының тарылуы. Әлемдегі зообақтарда туған әрбір жолбарыс генетикалық әртүрлілікті сақтауға және популяцияны қолдауға септігін тигізеді.

«Жолбарыс жұбын қалыптастыру – күрделі процесс. Бұл жыртқыштар табиғатынан жалғыз өмір сүреді. Мамандарымыз олардың бір-бірімен үйлесіп кететін серіктестерді мұқият таңдады, арнайы қоршауды дайындады және жануарлардың өздерін қауіпсіз сезінетін жағдай жасады. Тек осындай арнайы іс-шаралардың нәтижесінде дені сау ұрпақ алуға болады», - дейді мамандар.

​Жаңа туған кішкентай жолбарыстар алғашқы күннен бастап ветеринарлық қызметтің тұрақты бақылауында болды. Оларға ерекше күтім жасалып, жоспарлы емдеу мен вакцинация жүргізілді. Қазір олар өсіп қалды әрі өздерінің «жолбарыс мінезін» көрсете бастады.

​Жолбарыс күшіктері 14 маусымда дүниеге келді. Бүгін олардың карантині аяқталды және олар өзін жақсы сезінеді. Осы демалыс күндері анасы мен күшіктері «тыныш аймақтан» экспозициялық қоршауға көшіріледі.

Еске сала кетейік, Алматы хайуанаттар бағында жануарларды тамақтандыруға тыйым салынды. Хайуанаттар бағының Instagram парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, жануарлар арнайы құрамы есептелген диета бойынша тамақтанады.