Елімізде жаңа мұнай өңдеу зауыты салынады

Автор: Алмас Ерсін

Энергетика министрлігі айқындаған алты басымдықтың бірі – жаңа мұнай өңдеу зауытын салу

Фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігі елімізде жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі ұзақмерзімді тұжырымдамасын жүзеге асырудың алғашқы кезеңі басталды. Энергетика министрлігі 19 іс-шарадан тұратын Жедел іс-қимыл жоспарын әзірлеген. Бүгінде оның 8-і орындалды.  

Ведомство алты басымдықты айқындады:

  1. Мұнай өңдеу зауыттарының қуаттын арттыру;
  2. Мұнай өңдеу және мұнай химиясы ғылыми-зерттеу институтын құру;
  3. "Конденсат" АҚ-ның өндірістік жүктемесін кезең-кезеңімен 50%-ға дейін жеткізу;
  4. К5 және одан жоғары экологиялық санаттағы мотор отындарына көшу;
  5. Жанар-жағармайдың стратегиялық сұйыққоймасын салу;
  6. Мұнай-химия өнімдерін өндіретін жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін зерделеу.

Энергетика министрлігінің Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаменті директорының орынбасары Талғат Мақуовтың айтуынша қазіргі мұнай өңдеу зауыттарын заманауи мұнай-химия конфигурациясы бойынша кеңейтіп, нарық сұранысына сай икемді өнім түрлерін шығаратын кешендер салу тиімді.

«Бұл мұнай-химия кешендерін инвестициялық тартымды әрі ұзақ мерзімді активтерге айналдырып, басқарушы компаниялардың құнын арттырады", – дейді ол.

Сонымен қатар авиаотын өндірісіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Үш ірі МӨЗ жылына 1,5 миллион тоннадан астам авиаотын шығаруды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, жекеменшік МӨЗ әлеуетін арттыру мәселесі де қарастырылуда.