Инкубациялық кезең жұққаннан кейін 3–6 күн аралығында өтеді
Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында метапневмовирус қорқынышты ауру емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өткен жылы метапневмовирус туралы ақпарат қоғамның алаңдаушылығын тудырған болатын.
«Шындығында, метапневмовирус – бұл «жаңа қорқынышты ауру» емес, ол ЖРВИ және тұмау сияқты суық тиіп сырқаттануға байланысты вирустардың бірі, ол ауа-тамшы жолы арқылы беріледі. Инкубациялық кезеңі: жұққаннан кейін 3–6 күн. Әдетте симптоматикалық ем тағайындалады: көп су ішіп, қызуды түсіретін препараттарды қолданып, тыныштық сақтау керек», – деді спикер.
Оның айтуынша 2024-2025 жылғы эпидемиялық маусымда 361 адам метапневмовирус жұқтырған. Биылғы эпидемиялық маусымда бірде-бір науқас тіркелген жоқ.
Айта кетері, елімізде жыл сайынғы жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау ауруының маусымы басталды. Республикада жыл сайын 4 млн жуық ЖРВИ және 2 мыңға дейін тұмау жағдайы тіркеледі.
«Биыл қыркүйек айында республикада 293 344 ЖРВИ жағдайы тіркелді, бұл өткен жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 1,6 есе төмен. Ал тұмау жағдайлары биылғы эпидемиологиялық маусымда тіркелген жоқ», - деп толықтырды», - деп түйіндеді Сархат Бейсенова.
Қазақстанда тұмауға жатпайтын вирустардың айналымына мониторинг жүргізіледі, қыркүйек айында 53 сынама зерттелді, оның ішінде 11 сынамада оң нәтиже анықталды, риновирус – 9, парагрипп – 1, аденовирус – 1.