Прокуратура 13 инвестордың құқығын қорғады
Қазақстан Республикасы Президентінің еркін экономикалық аймақтарды дамытуға ерекше мән бергенін ескере отырып, Маңғыстау облысының прокуратурасы «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларға қадағалауды күшейтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биылғы жылдың басынан бері АЭА аумағында жалпы құны 40 млрд теңгеден асатын жобаларды жүзеге асырып жатқан 13 инвестордың құқықтары прокуратура тарапынан қорғалды.
Құқықтық сүйемелдеу барысында өңір үшін маңызды саналатын ірі көкөніс сақтау қоймасы мен құбыр зауыты құрылысына қатысты екі инвестордың жобаларды жалғастырудан бас тартқаны анықталды.
Жұмыс орындарын сақтау, әлеуметтік-экономикалық әсерді қамтамасыз ету және мерзімдердің бұзылуына жол бермеу мақсатында прокуратура АЭА басшылығымен бірлесіп, аталған жобаларды аяқтау жөніндегі міндеттемелерді басқа инвесторларға беру рәсімін жүргізді.
Прокуратураның кешенді жұмысы мен уәкілетті органдардың өзара іс-қимылы нәтижесінде «Ақтау теңіз порты» АЭА қызмет ету мерзімі 2052 жылға дейін ұзартылды. Бұл ұзақ мерзімді инвестицияларға қосымша кепілдік беріп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырды.
Маңғыстау облысының прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау, заңдылықты қамтамасыз ету және еркін экономикалық аймақтың тұрақты дамуына ықпал ету бағытында жүйелі жұмысын жалғастырып келеді.