Алматы облысында ыстық асфальт тиеген жүк көлігі шұңқырға түсіп кетті

Автор: Асыл Арман

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды

Фото: Видеодан скрин

Алматы қаласының іргесінде орналасқан Іле ауданы Боралдай кентіндегі Водник-3 шағынауданында жүк көлігінің ауыр салмағынан жер ойылып, көп тонналық самосвал жартылай топыраққа батып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желілердегі мәліметке қарағанда, оқиға «Марсель» мейрамханасының жанында болған. Ерекше назар аударарлығы – пайда болған ойықтың қасында ірі жүк көлігі тасымалдаған деген болжам бар, себебі жанында жаңа төселген асфальт үйіндісі жатыр.

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттігімізге берген түсініктемесінде, самосвалдың жер қазу жұмысы кезінде траншеяға түсіп кету фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Алдын ала деректер бойынша, су құбырын тарту кезінде топырақ опырылып, содан кейін жұмыстарды ашық әдіспен жалғастыру туралы шешім қабылданған. 25 қыркүйекке қараған түні жол учаскесі уақытша жабылған, алайда біраз уақыттан кейін жөндеу жұмысына арналған ыстық асфальт тиелген самосвал шұңқырға түсіп кеткен», – деп полиция оқиғаның мән-жайын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр және жауапты тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға бермек.