Пара жүзуден әлем чемпионаты 21-27 қыркүйек аралығында өтіп жатыр
Сингапурда өтіп жатқан пара жүзуден әлем чемпионатында қазақстандық Нұрдәулет Жұмағали 100 метр қашықтыққа брасс тәсілімен жүзуде екінші орын алып, күміс медаль иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорттық даярлау орталығына сілтеме жасап.
Отандасымыз қашықтықты 1:06.64 нәтижесімен жүзіп өтті. Бірінші орынды бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен Тимофей Гук (1:06.51) иеленсе, үшінші болып украиналық Алексей Федин (1:06.99) мәре сызығын кесті.
Айта кетейік, бұл – Нұрдәулет Жұмағалидің әлем чемпионаттарындағы үшінші күміс жүлдесі. Бұған дейін ол 2022 жылы Мадейрада және 2023 жылы Манчестерде жүлдегер атанған. Сондай-ақ спортшының қоржынында Паралимпиада ойындарының екі медалі бар: 2024 жылғы Парижден – күміс, 2020 жылғы Токиодан – қола.
Пара жүзуден әлем чемпионаты 27 қыркүйекке дейін өтеді. Оған 75 елден шамамен 600 спортшы қатысуда. Қазақстан атынан 7 спортшы бақ сынап жатыр.
Сингапурдағы турнир – жаңа паралимпиадалық циклдің алғашқы маңызды чемпионаты әрі 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына дайындық жолындағы басты кезеңнің бірі.