Қазақстандықтарды алдап, 900 млн теңгесін қағып алған украиналық интернет-алаяқтар ұсталды

Автор: Асыл Арман

Қазақстан мен Украина бірлесіп трансұлттық алаяқтық call-орталықты әшкереледі

Фото: Видеодан скрин

ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері 23 қыркүйекте Украина Ұлттық полициясымен және Бас прокуратурасының кеңсесімен, сондай-ақ Қазақстанның Бас прокуратурасымен бірлесіп, трансұлттық қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Черновцы мен Одесса қалаларында жүргізілген ұзақ мерзімді бірлескен жедел іс-шаралар нәтижесінде Қазақстан азаматтарын алдаумен айналысқан алаяқтық call-орталық жойылды.

Алаяқтардың әрекет ету тәсілі

Қылмыскерлер алдын ала жасалған схема бойынша жұмыс істеген. Олар жәбірленушілерге Қазақстан Ұлттық Банкі, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің атынан қоңырау шалып, «күдікті операциялар» немесе «террористік ұйымдарды қаржыландыру» деген желеумен қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытқан.

Осылайша азаматтарды несие алуға, мүлкін сатуға және депозиттегі қаражатын дроптардың шотына аударуға мәжбүрлеген. Қылмыстық топ психологиялық қысым жасап отырған.

Ұйымдасқан құрылым мен шығын көлемі

Алаяқтық топ нақты иерархиядан тұрған: әкімшілер, HR-менеджерлер, «клоузерлер», техникалық қызметкерлер және «күштік блок» болған. Қылмыстық жолмен алынған қаражат call-орталықты ұстауға, автокөліктер сатып алуға және басқа да шығындарға жұмсалған.

Ұйымдастырушылар «кеңсені» ұстау үшін ай сайын 60 мың АҚШ долларын жаратқан. Ал күдіктілердің бірі соңғы алты айда 5 автокөлік сатып алған.

Алдын ала мәлімет бойынша қаскөйлер Қазақстан азаматтарын жалпы сомасы 900 миллион теңгеден астам қаржыға алдаған.

Тінту барысында табылған айғақтар

Бір мезгілде күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларында және call-орталықта жүргізілген тінту кезінде:

  • 30-дан астам компьютерлік техника,
  • 79 ұялы телефон,
  • sim-карталар,
  • нысанды киім-кешек,
  • құқық қорғау органдары мен Ұлттық банктің қызметкерлеріне арналған жалған куәліктер,
  • азаматтарды алдау үшін алдын ала дайындалған сценарийлер,
  • басқа да айғақтар тәркіленді.

Сонымен қатар құрылғылардан deepfake технологиясы арқылы бейне мен дауысты өзгертуге арналған арнайы бағдарламалық жасақтама табылды.

Ұсталған күдіктілер

Арнайы операция нәтижесінде Украинаның тоғыз азаматы ұсталып, оның бесеуі қамауға алынды.

Қазақстан ІІМ ресми мәлімдемесі

Қазақстан Ішкі істер министрлігі бұл операция екі елдің құқық қорғау органдарының үйлесімді іс-қимылы арқасында мүмкін болғанын атап өтті. Мақсат – азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін трансұлттық қылмыстық топтардың қызметін тоқтату.