Қостанайда 3 млн теңге пара алған көші-қон қызметінің бастығы сотталды
Сот үкімімен Байжановқа 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Қостанайда Полиция басқармасы көші-қон қызметінің бастығы бірнеше мәрте пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күдікке ілінген полиция подполковнигі К.С.Байжанов өз әріптесімен сыбайласа отырып шетелдік азаматтардан бірнеше рет пара алған.
«Ол Г.В.Кравчуктың жәрдем беруі арқылы Э.В.Манукяннан, И.И.Гребенюктан, А.Л.Егиазаряннан, М.П.Закоян мен Х.М.Махмадовадан жалпы қамқорлығы мен кедергісіз тіркеп, шетел азаматтарына тұруға ықтиярхатты рәсімдегені үшін 3 млн 10 мың теңге сомасында жүйелі негізде пара алды деген күдікке ілінді», - делінген аталған хабарламада.
Қостанай қалалық №2 сотының үкімімен Байжановқа 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметте лауазымды қызметпен айналысу және арнайы атақ-шен алу құқығынан өмір бойына айрылды.
Байжановтың сыбайласы Кравчук болса 4 жылға бас бостандығынан айрылды, ал пара берушілер Манукян, Гребенюк, Егиазарян, Закоян және Махмадовқа берген параның он еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салынды.