KARIMA кафесі 18 қыркүйекке қараған түні алапат отқа оранып, түгі қалмай өртеніп кетті
Астанада өткен аптада түгі қалмай өртеніп кеткен KARIMA кафесіне қатысты адам шошырлық мәлімет тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде дәл «Бәйтеректің» түбінде өртенген кафенің видеосы жарыса жарияланды. Ал оның астына жазылған пікірдің санында есеп жоқ.
Кафе иесінің қызметкерлеріне жалақыны уақытында төлемеуі немесе мүлде бермей қоюы жөніндегі пікірлер ерекше көзге түсті. Солардың кейбіріне тоқталып шығайық.
«Сауап, елдің қарғысы жібермейді. Кезінде жалақымды бермей қойып еді. Алладан қайтсын деген едім», «Сапарбай деген кісіге сауап деп жазыңдаршы, кезінде жұмыс істегенмін, 1 айлық жалақымды бермеген», «Сауап болған. Інілерімнің жалақысын бермей қойып еді», «Бұл кафе даяшылардың ақысын бермейді, 14 сағат жұмыс істетіп, ақысын бермей жібереді, менің қызым жұмыс істеген, милицияға беремін деп жүріп зорға алғанбыз», «Жастардың ақысын жеген дұрыс емес, ешкім ерігіп жұмыс істеп жүрген жоқ, адамның ақысын жеген дұрыс емес», «Дәл осы точкасы жұмысшыларын талай жылатты, жалақысын бермей», – деп жазды желі қолданушылары.
Бұл біз көрген санаулы пікірдің бірі. Әлеуметтік желіде жарияланған кез келген видеоның астынан осыған ұқсас жүздеген пікірді байқауға болады.
Айта кетейік, KARIMA кафесі 18 қыркүйекке қараған түні алапат отқа оранып, түгі қалмай өртеніп кетті. Ал ең қиыны тұрғын үйдің астында орналасқан кафеден шыққан жалын жоғарыға лезде тарап, 8 қабатын шарпыды. Қала әкімдігінің ресми мәліметіне сәйкес, 8 пәтер тұруға жарамсыз болып қалды.
«Өрт салдарынан 8 пәтер зардап шекті. Тұрғындар қаланың қонақүйлеріне уақытша орналастырылады. Сондай-ақ барлық бағытта көмек көрсетілетін болады.
Алдағы тәулік ішінде бүлінген пәтерлерді жөндеу және фасадты қалпына келтіру жұмысы KaRima кафесі иелерінің қаражаты есебінен басталады.
Осындай барлық жағдайда жергілікті атқарушы органдар өрттің салдарын жедел жою үшін қажетті шаралардың бәрін қабылдайды», – деп мәлім еткен Астана әкімдігі.