TikTok-та ақша тапқысы келген ақтөбелік екі миллион теңгесінен айырылды

Автор: Алмас Ерсін

Бұл оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Фото: pixabay

Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының тұрғыны алаяқтардың құрбаны болды. Ол Telegram мессенджерінде TikTok-та қаралған және лайк басылған видеоның әрбір скриншоты үшін 300-ден 800 теңгеге дейін ақша табуды ұсынатын хабарландыру көрген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мой город» порталының мәліметінше ер адам жылдам ақша табасың деген уәдеге сеніп, шарттармен келісіп, «әкімшінің» нұсқауын орындап, сайтқа тіркелген, оған алдымен тапсырмаларды орындап, фильм сатып алу қажет екені айтылған. Алаяқтар инвестиция 30% табыс әкеледі деп сендірген.

«Жұмыс» барысында ер адам «фильмдерді сатып алу» үшін белгіленген карта шоттарына ақша аудара бастаған. Ақырында жәбірленушінің сеніміне қиянат жасаған алаяқтар екі миллион теңгеден астам ақшаны заңсыз иеленген», - деп жазды портал.

Бұл оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, елімізде оқушылар мен ата-аналарға мұғалім болып хабарласатындар көбейді. Алаяқтар «электронды күнделікті қайта рәсімдеу» деген сылтаумен SMS арқылы келген кодтарды айтуды сұрайды. Оқу-ағарту министрлігі SMS-кодтардың құпия екенін, оны ешкімге айтуға болмайтынын ескертті.