СҚО полициясында 100-ден астам отбасылық әулет қызмет атқарады

Автор: Azattyq Rýhy

Солардың бірі – ағайынды Дәурен, Ерлан және Ержан Ыбыраевтармен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді

Солтүстікқазақстандық ағайынды Дәурен, Ерлан және Ержан Ыбыраевтар әке жолын жалғастырып, құқық қорғау органдарында еңбек етіп жүр. Бірі Тайынша ауданының Полиция бөлімі бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары болса, екіншісі – учаскелік полиция инспекторы, үшіншісі – тергеуші. Солтүстікқазақстандық полицияда барлығы 100-ден астам отбасылық әулет қызмет атқарады. 

ӘКЕ АМАНАТЫ

Мәули мен Қалампыр Ыбыраевтар – 4 ұлдың ата-анасы. Отағасы өз өмірін МАИ саласына арнаған жан. Ол 1999 жылы 44 жасында зейнетке шығысымен дүниеден озған. Марқұм балаларының погон тағып, полиция саласында қызмет етуін армандаса керек. Төрт ұлдың үшеуі әке аманатын орындады. Тек балалары әкесінің өздерінің форма киіп, офицер атанғандарына қуанып та үлгермегені үшін өкінеді.

«Әкем: құқық қорғаушылар – халық қызметшілері, азаматтарға көмек көрсету және қорғау – олардың міндеті» деп әрдайым айтып отыратын. Бүгінгі күні әке өсиетінің өзектілігін байқаймыз. Бізге әкеміз ең маңыздысы   ісіңе, еліңе адал болу екенін айтып отыратын. Балаларымыздың қайсысының әулет дәстүрін жалғастыратынын білмейміз, олардың мамандық таңдауларына араласпаймыз. Біз тек олардың қоғамға адал қызмет ететін лайықты азамат болып өскендерін қалаймыз. Әрқайсысы атақ, даңқ үшін емес, елдің құрметіне бөленуі үшін қызмет атқарса екен», –  дейді ағайындылардың үлкені Ерлан Ыбыраев.

Күн сайын қоғамға беріле қызмет атқарып жүрген ата-аналарын көріп өскен балалардың басқа мамандықты таңдауы мүмкін емес те еді. Аналары Қалампыр – педагог, үйдің кенжесі Нұржан да, анасының жолын қуып, Тайынша орта мектебінде сурет пен сызудан сабақ береді.

Бүгінгі күні Қалампыр әжей 9 немере сүйіп отыр. Ағайындылар үшін қарашаңырақ   – отбасымен қауышатын қасиетті мекен. Полиция қызметінде сирек болатын демалыстары сәйкес келгенде, бауырлар отбастарымен осы жерде кездеседі. Анасының әзірлеген тәтті-дәмділері тартылған дастарқан басында үлкендері жаңалықтарымен бөлісіп, мәз-мейрам болады.

ӨЗ ӨМІРІН ҚАТЕРГЕ ТІГІП, ӨЗГЕНІ ҚҰТҚАРДЫ

Ерлан Ыбыраевтың учаскесінде 7 ауыл бар. Инспектор елдімекендерде тұрып жатқан 2 мыңнан астам адамның бәрін жазбай таниды. Әрқайсысының отбасында болып жатқан қуанышы мен қайғысына ортақтасып, етене араласады. 

«Бірде телефоныма Ново-Ивановка ауылының тұрғыны Ақмарал Мұқашева қоңырау шалды. Үрейі ұшқан әйел қоспақ үйдегі көршісінің пәтері өртеніп жатқанын жеткізді. Жанымда Тайынша қалалық өрт сөндіру бөлімінің өртке қарсы қызмет сержанты Олег Солодко бар еді. Екеуміз ойланбастан көрші ауылға аттандық», - деп есіне алады Ерлан Мәулиұлы. 

Көзді ашып-жұмғанша оқиға орнына жеткен құтқарушылар отқа оранған үйдің есігін аша алмапты. Себебі, кіреберіс іштен құлыпталған еді. Ерлан Ыбыраев пен Олег Солодкоға ішке кіру үшін есікті бұзуға тура келеді. Қолқаны қапқан қою түтінге қақалып жүріп, учаскелік инспектор ас үйде сұлап жатқан ер адамды еденді сипалап жүріп тауып алады. 

«Шынымды айтсам, зейнеткердің тірі екеніне күмәнім болды. Олег екеуміз оны далаға әзер шығардық. Тамырын ұстап көрсем, соғып жатыр. Қуанып кетіп, бірден жүрегіне массаж жасадық. Сәлден соң қария тыныс алып, оянды. Қатты қуандық», - деп ағынан жарылды тәртіп сақшысы. 

Ерлан Мәулиұлы өз ісін ерлікке баламайды. Ол бұл жағдай жөнінде басшылығына да хабарламаған. Тек өрттің шығу себептерін анықтау мақсатында тергеу жүргізу барысында ғана, әріптестері оның адамды өлім аузынан аман алып қалғанын біледі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алған «Ерлігі үшін» медалі де тәртіп сақшысы үшін күтпеген сый болған. 

Салтанантты марапаттаудағы фотосуреттер бүгінде аудандық Полиция бөлімінің дәлізіндегі қабырғада ілулі тұр. Естелік былтыр ашылған музей бөлмесінен де орын алған. Ағайынды полицейлер аудан халқы, замандастары және көзі көрген әріптестері жылы лебізбен еске алатын әкелерінің жетонын, жезлын және фотосуреттерін музейге әкелген.

«Бұл жәдігерлер қызмет пен өміріміздің арасын байланыстыратын тағы бір құрал, оларды бір-бірінен ажыратып елестету қиын. Полиция бөлімі біз үшін – балалық шақтың бір бөлігі. Мен сияқты бауырларымның да, ортадағы түрлі-түсті ойыншықтармен безендірілген шыршаны еске салатын, акт залында жиналыстарда отырған кездерінде ерекше сезімді бастан кешіретіндерін білемін. Сол кездің өзінде-ақ, отыз жыл бұрын, аудандық бөлім мен үшін туған үйімдей болды. Әкем домбыра мен гитардың тілін жақсы меңгерді. Мен қосылып ән айтатынмын, бірге көркемөнерпаздар байқауына қатысатынбыз. Бізді тіпті, облыстық байқауға да шақырған, әкем жұмысын тастап кете алмаған соң, қатыспадық. Менің балаларым өскен соң полиция қызметі жайлы не айтатынын білмеймін, бірақ жақсы ой қалыптасады деген сенімдемін» - дейді Ерлан Ыбыраев.

Солтүстікқазақстандық полицияда Ыбыраевтар сынды барлығы 100-ден астам отбасылық әулет қызмет атқарады.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО