Қылмыскерлерді табу үшін полиция арнайы алгоритмдер мен бағдарламаларды қолданады
Павлодар облысында қылмыс жасап, тығылып жүрген ондаған адам қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, із-түзсіз жоғалғандар мен әділеттен жасырынған азаматтарды іздестіру жұмысы үнемі жүргізіледі. Қылмыскерлерді табу үшін полиция арнайы алгоритмдер мен бағдарламаларды қолданады.
«Полиция жұмысының тиімділігінде қызметкерлердің мұқияттылығы мен қырағылығы да маңызды рөл атқарады. Ақыр соңында ұзақ уақыт ақпарат жинап, нұсқаларды қайта-қайта тексеру қылмыскердің жасаған ісі үшін бәрібір жауап беретінімен аяқталады», – деп атап өтті Павлодар облысының ПД.
Мысалы, жедел уәкілдер Павлодар қаласындағы Майра көшесіндегі үйдің ауласында 2024 жылдың қазан айынан бері облыс аумағында бұзақылық жасағаны үшін тергеуден жасырынған ер адамды ұстады. Қазіргі уақытта күдікті қамауда.
Айта кету керек, биыл жыл басынан бері түрлі қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 77 қылмыскердің тұрған жерін полиция анықтады.