Іздеудегі азаматты Германияның құқық қорғау органдары анықтап, қамауға алды
Германияның Фюрт қаласында халықаралық іздеуде болған Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақпаратты Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі ресми түрде растады. Ведомствоның мәліметінше іздеу жұмыстары Интерпол арқылы жүргізілген.
«Іздеудегі азаматты Германияның құқық қорғау органдары Интерпол бойынша халықаралық ынтымақтастық аясында анықтап, қамауға алды. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету үшін шетелдік әріптестерімен және халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтастықты жалғастыруда», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, оның іздеуде жүргені туралы ақпарат қыркүйек айының басында жарияланған болатын.
Мақсат Дүйсенов 1973 жылы 13 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Әр жылдары Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Орталықтандырылған қауіпсіздік қызметінің бастығы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
2018 жылдың қаңтар-тамыз аралығында Бас көлік прокурорының бірінші орынбасары, 2018 жылдың 9 тамызы мен 2019 жылдың сәуірі аралығында Қазақстан Республикасының Бас көлік прокуроры болды.