12 мыңнан астам наркограффити жойылды
Қазақстанда нашақорлықпен күрес күшейіп келеді. Бүгінде 18 мыңнан астам азамат нарколог-дәрігерлердің бақылауында, олардың басым бөлігі – жастар. Соңғы бес жылда тәркіленген синтетикалық есірткі көлемі 143 есеге артқан. Тек биылдың өзінде құқық қорғау органдары 5 мыңнан астам есірткі қылмысын анықтап, қоғамдағы жағдайдың қаншалықты күрделі екенін көрсетті. Бұл сандар – дабыл қағарлық деңгейде. Нашақорлық енді жай ғана қауіп емес, тұтас бір буынның дертіне айналып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты үшінші жыл қатарынан елімізде «Есірткіге жол жоқ!» акциясын өткізіп келеді. Бұл бастама қазірдің өзінде нашақорлық пен есірткі қылмыстарына қарсы күрестің басты бағыттарының біріне айналды. Мыңдаған ерікті күн сайын есірткі насихатына тосқауыл қойып, «Заң мен тәртіп» қағидатын күшейтуге және салауатты өмір салтын насихаттауға атсалысып отыр.
«Есірткі қылмыскерлері жаңа ақпараттық технологияларды белсенді қолдануда. Әлеуметтік желілер арқылы жастарды жеңіл жолмен табыс табуға қызықтырып, оларды есірткі тасымалдаушыларға айналдырып отыр. Бұл – тұтас буынға төнген үлкен қауіп. Сондықтан Президент бірнеше рет осы әлеуметтік кеселге ерекше назар аударды. Біз де нашақорлықпен күреске өз үлесімізді қосып келеміз. Үш жылға жетпей, 12 мың наркограффитиді жойдық», – деді «Жастар Рухы» төрағасы Ақерке Искандерова.
Рухтастар тек есірткі жарнамасын жоюмен шектелмей, жастар арасында ақпараттық материалдар таратып, жүздеген кездесу мен флешмоб ұйымдастыруда. Тек соңғы айларда еліміздің әр өңірінде шамамен 5 мың жас акцияға қатысты. Мәселен, Өскеменде полиция студенттерге есірткі тасымалдаушыларды ұстаудың үлгісін көрсетті. Құқық қорғаушылар граффити арқылы есірткі жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Қазір өңірде арнайы мониторинг тобы жұмыс істейді. Олар тыйым салынған жарнамалар туралы деректерді полицияға жолдап отыр.
Спорттық бастамалардан бөлек, «Жастар Рухы» жастар қанаты заманауи форматтарды да белсенді қолдануда. «Bir Tolqynda» және «Рухтастар Cases» диалог алаңдары жастар арасында сұранысқа ие болса, IT саласында да инновациялық жобалар қолға алынған. Мәселен, 2023 жылы Astana Hub-пен бірлесіп «AMANAT TECH» атты республикалық хакатон өткізілді. Байқауда қатысушылар нашақорлыққа қарсы күрес пен тәуелділерді оңалтуға арналған тың шешімдер ұсынды.