Оның бұл өнертабысы Apple компаниясының байқауында топ жарды
Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Еркебұлан Елжан аутист балаларға арналған мобильді қосымша ойлап тапты. «Emoji Find» – адамдардың эмоциясын тануға көмектеседі. Өнертабысын Apple компаниясының «Swift Student Challenge» байқауында сынап көрген жас ғалым жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Еркебұлан Елжан әлемдегі ең ауқатты Apple компаниясының «Swift Student Challenge» атты сайысында жеңімпаз атанды. Қуанышты хабар оқушының электронды поштасына келіп түскен. Аталған сайысқа жас зияткер аутизммен күресіп жүрген балаларға арналған өзінің жасап шығарған мобильды қосымшасын ұсынған екен.
«Жарыcқа әлемнің 41 елінен миллиондаған адамдар өтініш берген. Осыған дейін жеңімпаздар қатарынан табылған қазақстандықтардың саны саусақпен санарлық екен. Әлемнің ең ауқатты компаниясының үздік деген инженерлерімен қоян-қолтық жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болғаным – мені өте ерекше сезімге бөлейді. Бұл кімге де болсын арман деп есептеймін», - дейді Еркебұлан Елжан.
Жарыс барысында әлем бойынша ең үздік 350 қосымша таңдалып алынған. Жеңімпазға компанияның эксклюзивті күртешесі сыйға тартылып, сондай-ақ ол аталған компанияның Apple Developer Program бағдарламасы бойынша жарық көрген барлық өнімдерді бір жыл көлемінде тегін пайдалана алады. Оған қоса, Apple-дің инженерлерімен онлайн «жеке» кездесулерде сабақ алып, шеберлік сағаттарына қатысатын болады.
«Мен аутизммен күресіп жүрген балаларға арналған қосымшаны жасап шығардым. Бұл бағдарлама арқылы адамдардың эмоциясын анықтау әлдеқайда оңай болады. Сонымен қоса, интерфейс толықтай балаларға қолайлы етіп жасалынды. Тағы бір ерекшелігі, 2019 жылғы презентациядағы озық технологиялар осы қосымшада қолданылды», - дейді алғыр оқушы.
Жеңімпаздар жыл сайын әлемнің ең үздік әзірлеушілерін бір арнаға тоғыстыратын WWDC конференциясына қатыса алады, осы жылы ауқымды шара 31-ші рет ұйымдасытырылып отыр. Әдетте дәстүрлі дода жеңімпаздары Калифорниядағы Apple Park ғимаратында төрткүл дүние көз тіккен WWDC презентациясына қатысып, кейіннен бір апта бойы Apple компаниясының бас директоры Тим Кукпен кездесіп, ең мықты инженерлерден сабақ алатын. Алайда биыл коронавирус пандемияcына байланысты ұйымдастырушылар барлық іс-шараларын онлайн форматта өткізетін болады. Миллиондаған әзірлеушілер iOS, iPadOS, macOS, watchOS және tvOS болашақ нұсқаларына ерте қол жеткізе алады. Сондай-ақ бүкіл әлем бойынша Apple пайдаланушыларының өмірін жақсартатын қосымшаларды жасайтын Apple инженерлерімен қашықтан өткен кездесуде білімдерін арттыратын болады.
«Жасанды жадтың көмегімен камера арқылы адамдардың эмаоциясын тануға болады. Мен қосымшаға тағы да функциялар қосқым келеді. Содан кейін Аpp Store және Play market-ке қосу жоспарда бар», - дейді өнертабыс иесі.
Еркебұлан Елжан – талай білім додаларында табыстарға жетіп жүр. Оның қоржынында 5 облыстық, 5 республикалық олимпиаданың жүлдесі бар. Оның кезекті табысы әсіресе, ұстаздар қауымын ерекше қуанышқа бөлепті.
«Swift Student Challenge» – Apple компаниясының беделді байқауы. Еркебұлан ТМД көлемінде жеңіске жеткен аз оқушылардың бірі. Ол енді өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шетелдік жоғары оқу орындарына түсе алады. Еркебұлан – болашағынан зор үміт күттіретін шәкірттердің бірі», - дейді Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин.
Бұған дейін 11-сынып оқушысы өз командасымен бірге «HACKDAY ONLINE 2020» инновациялық идеялар республикалық фестивалінде жаңа жобасымен топ жарған болатын.
Байқауды Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті ұйымдастырған еді. 3 оқушыдан құралған команда «Ақпараттық технологиялар» аталымындағы «Цифрлық университет» және серіктестер тапсырмасы бағытында үздік деп танылған.
Жас өнертапқыштар конкурс ережесіне сәйкес, екі күннің ішінде «Òzen app» деп аталатын жаңа әлеуметтік желі құрастырып шыққан. Аталған байқауға бірінші рет қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізді.
«Òzen app» – қазіргі күнде жастардың көзайымына айналып жүрген Ozenxo жобасының тапсырмасы бойынша құрастырылған. Оның негізгі мақсаты - қазақстандық жас әншілерді дүйім жұртқа таныстыру, тыңдаушыларды бір жерде тоғыстыру. Барлық жаңалықты осы жерден оқып, жаңа әңдер тыңдауға мүмкіндік беру. Арнайы чат функциясы арқылы қолданушылар бір-бірімен сөйлесіп, пікірлерін қалдыра алады. Жалпы информатика саласын мен шығармашылық сала ретінде есептеймін. Себебі өзіңнің қолтаңбаңды алып, оған дизайн жасау, оның кодын жазу. Мысалға біз сурет салғанды ұнатамыз, информатика сол секілді, сурет салумен ұқсас», - дейді Еркебұлан.
Жас өнертапқыш өз болашағын ІТ технологиялары саласымен байланыстырып, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуды армандайды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО