Жоба өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін айтарлықтай арттырады
Шымкент халықаралық әуежайында жаңа ұшу-қону жолағы мен жүк терминалының құрылысы басталады. Жоба өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін айтарлықтай арттырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Әкәмдіктің мәліметінше, екінші ұшу-қону жолағының құрылысына 40 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Жобаны «Қазақжолқұрылыс» компаниясы жүзеге асырады. Жаңа жолақтың ұзындығы 3300 метр болады.
Жаңа жобаның тағы бір маңызды бөлігі – жүк терминалының құрылысы. Ол аймақтың экспорттық әлеуетін арттырып, логистика мен халықаралық сауданы дамытуға жол ашады.
Шымкент әкімдігі 300 гектар жерді мемлекеттік қажеттілік үшін алып, әуежайды мультимодальды хабқа айналдыруды көздеп отыр. Бұл шешім өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін күшейтіп, Қазақстанның Орталық Азиядағы логистикалық торап ретіндегі рөлін нығайтады.
2024 жылы Шымкентте жаңа жолаушылар терминалы іске қосылды. Оның өткізу қабілеті – сағатына 2000 жолаушы. Терминал бір мезетте 16 әуе кемесін қабылдай алады.
Қазіргі уақытта әуежайдан Қазақстанның барлық облыс орталықтарына, ТМД елдеріне және алыс-жақын шетел қалаларына тұрақты рейстер ұшады. Жаңа ұшу-қону жолағының іске қосылуы жолаушылар ағынын еселеп арттырып, халықаралық бағыттардың көбеюіне ықпал етеді.