Студенттер Космостанция маңында қалып қойған
Алматы тауларында жоғалып, үсіп қала жаздаған Үндістан азаматтары құтқарылды. Студенттер Космостанция маңында қалып қойған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстанның ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағы 19 қыркүйекте жедел операция жүргізді. Құтқарушылар 3336 метр биіктікте, Бостандық ауданындағы Космостанция маңында қалған екі шетелдік азаматты аман-есен тауып, төменге түсірді.
2001 және 2003 жылы туған Үндістан азаматтары тауға серуенге шығып, күштерін дұрыс есептемегендіктен, уақытылы қайта орала алмаған.
Құтқарылған шетелдік студенттер қазақстандық құтқарушыларға алғысын білдірді.
«Біз – Үндістаннан келген студенттерміз. Алматы шыңына көтерілдік, бірақ ауа райының қолайсыздығынан уақытында қайта алмадық. Суықта үсіп қала жаздадық. Қазақстанның құтқарушылары бізді қатты аяз бен қатты желден құтқарды. Үлкен рахмет!» – деді олар.
Құтқарушылар жас жігіттерді қалаға жеткізді. Дәрігерлер тексергеннен кейін медициналық көмектің қажеті жоқ екені анықталды.