Қазақстан әлемдік «World CleanUp Day» экологиялық акциясына қосылды

Автор: Алмас Ерсін

Жалпы алғанда 9 мың гектар жер тазартылып, 12 мың тоннадан астам қоқыс жиналды

Фото: Экология министрлігі

Қазақстанда әемдік «World CleanUp Day» акциясы аясында 422 мыңнан астам адам сенбілікке шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Экология министрлігіне сілтеме жасап.

Оның ішінде 135 мыңнан астамжуық мемлекеттік орган өкілдері және 52 мың ерікті бар.

«Әсіресе жастар – студенттер, мектеп оқушылары, жастар ұйымдарының және волонтёрлік қозғалыстардың мүшелері белсенділік танытты. Олар қатысуға ниет білдіріп қана қоймай, қоршаған ортаның болашағы үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екендіктерін көрсетті», - деп жазылған хабарламада.

Экологиялық науқан барысында түрлі аумақтарда – қала көшелерінен бастап су айдындарының жағалаулары, саябақтар, орман алқаптары мен елді мекендердің шет аймақтарына дейін тазалау жұмыстары жүргізілді. Жалпы алғанда 9 мың гектар жер тазартылып, 12 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.

Науқан аясында көгалдандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінді. Акцияға қатысушылардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде 18 мың астам ағаш пен бұта отырғызылды.

«Жасалған жұмыс қорытындылары, қатысушылар саны және қол жеткізілген нәтижелер еліміз тарихындағы ең ауқымды экологиялық іс-шаралардың бірі ретінде КИнЭС рекордтар кітабына тіркеуге ұсынылды», - дейді министрлік.

Экологиялық акция «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасының аясында өтті. Бұл бастама аумақтарды тұрмыстық қалдықтан тазартуға, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға және экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған.