Ол жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған
Баянауыл ауылында полицейлер жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған азаматты мас күйінде көлік жүргізіп бара жатқан жерінен ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Subaru Legacyавтокөлігін күдік тудырған жүргізу мәнеріне байланысты тоқтатқан.
Тексеру кезінде рөлде бұрын сотталған ер адам отырғаны анықталды. Одан алкоголь иісі шығып тұрғандықтан, медициналық сараптамаға жіберілді. Анализ нәтижесі оның мас күйінде болғанын растады. Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полицияның дерегінше, 2025 жылдың басынан бері Павлодар облысында 1029 жүргізуші мас күйінде ұсталған. Оның ішінде 634 адам жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.
Павлодар облысы полициясы жүргізушілерге ескерту жасады.
«Көлікті мас күйінде басқару — ауыр құқық бұзушылық. Бұл тек заңды жауапкершілікке ғана емес, ең бастысы, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді», – делінген ресми хабарламада.