Арыстағы әскери бөлімге кірмек болғандар ұсталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Олар түсті металды ұрламақ болған

Фото: © istockphoto.com

Арыста әскери бөлім аумағына белгісіз адамдардың кіруге талпынысы тіркелді. Қазіргі уақытта олардың тұлғасы мен әрекет ету себептері анықталуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оқиға қалай болды?

Қорғаныс министрлігінің Шымкент гарнизоны хабарлағандай, оқиға 19 қыркүйек күні әскери бөлім аумағында болған. Сағаттық күзет бекеті белгісіз топтың режимдік нысанға жақындағанын байқап, жарғыға сәйкес әрекет еткен.

Қарауылдың жедел әрекетінің арқасында күдіктілер әскери бөлімге кіре алмады.

Тергеу басталды

Қазіргі таңда құқық қорғау және әскери органдар күдіктілердің кім екенін және олардың мақсатын анықтап жатыр.

«Оқиғаға қатысты барлық мән-жай тексерілуде. Қорытынды шешім тергеу аяқталған соң жария етіледі», – деп атап өтті гарнизон баспасөз қызметі.

Алдын ала болжам бойынша, белгісіз тұлғалар түсті металды ұрламақ болған.