Соңғы нәтиже – 23-орын
Қазақстандық спортшылар Токиода өткен әлем чемпионатында жүлдесіз қалды. Соңғы үміт артып шыққан Ясмина Токсанбаева 20 шақырымдық спорттық жүрісте 23-орынға табан тіреді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
20 қыркүйек күні Токиода өткен әйелдер арасындағы 20 км спорттық жүрісте Ясмина Токсанбаева ел намысын қорғады. Ол қашықтықты 1 сағат 31 минут 51 секундта еңсеріп, 23-сатыда мәреге жетті.
Ал чемпион атанған испан спортшысы, екі дүркін Олимпиада чемпионы Мария Перес 1:25:54 уақыт көрсетіп, әлемдік біріншілікте төртінші алтын жүлдесін алды.
Бұл чемпионатта Қазақстанды бес спортшы таныстырды. Ең жоғары нәтиже көрсеткен — Нора Джеруто болды. Ол 3000 метрге тосқауылдармен жүгіруде алтыншы орын алды. Дегенмен, жалпыкомандалық есепте ел құрамасы жүлдесіз қалды.