Елден заңсыз шығарылған 850 млрд теңге мемлекетке қайтарылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Жалпы 1,3 трлн теңге өндірілген

Фото: © istockphoto.com

Бас прокурор Берік Асылов заңсыз алынған активтерді қайтару бойынша 1,3 трлн теңге өндірілгенін, оның 850 млрд теңгесі ел қазынасына түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Қайтарылған қаржы қайда жұмсалады?

Асыловтың айтуынша, бюджетке түскен қаражат есебінен:

  • 207 су жеткізу нысаны;
  • 177 медициналық мекеме;
  • 14 білім беру және спорт объектісі салына бастады.

Жалпы бұл жобаларға 375 млрд теңге бөлінген.

Жаңа инвестициялық жобалар

Сонымен қатар компаниялар ел экономикасына қосымша 5,2 трлн теңге инвестиция құюға міндеттелді. Жоспарланған жобалар қатарында:

  • Алматыдағы туристік кешен;
  •  көлік-логистикалық орталықтар;
  • жаңа зауыттар;
  • 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын тау-кен байыту комбинаты бар.

Бұдан бөлек, 122 млрд теңгеге 16 мектеп пен балабақша, 8 медициналық мекеме, 13 спорт кешені және 16 мәдени нысан тұрғызылады. Бұл жобалар 8 мыңнан астам жұмыс орнын ашпақ.

Инвесторларды қорғау комитеті құрылды

Асылов атап өткендей, барлық жобалардың орындалуына қатаң бақылау жасалуда. Бұрынғы Заңсыз активтерді қайтару комитеті енді Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті болып қайта құрылады. Оның басты міндеті – елге жаңа инвестициялар тарту және бизнеске қолдау көрсету.

Қазіргі таңда прокурорлар 87 трлн теңгені құрайтын 1,5 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. 2023 жылдан бері 937 проблема шешіліп, 1,7 мыңнан астам инвесторға көмек көрсетілген. «Прокурорлық фильтрдің» арқасында бизнеске негізсіз тексерістер азайып, мемлекеттік органдардың инвесторларға қатысты талап-арыздары 60%-ға, әкімшілік істер 12% қысқарды. Ал қылмыстық істер саны 1553-тен 154-ке дейін азайды.

Автоөндіріс зауыты

Берік Асылов Алматыдағы Haval, Chery және Changan көліктерін шығаратын зауытты мысалға келтірді. Бұған дейін инвестор инфрақұрылымға қосылу және рұқсат құжаттарын алуда қиындықтарға тап болған. Прокуратура араласқаннан кейін мәселе шешіліп, 182 млрд теңге көлеміндегі жоба іске қосылып, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.