Алматы тауларына шыққан шетелдік турист аяғын сындырып, төмен түсе алмай қалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Алматы тауларында құтқарушылар шетелдік туристке көмек көрсетті

Фото: ҚР ТЖМ

Алматы тауларына шыққан шетелдік турист аяғының сан аумағын сындырып, төмен түсе алмай қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР ТЖМ мәліметінше, 49 жастағы Словакия азаматы тауда серуендеп жүріп, санын сындырып алған. Шақыру бойынша құтқарушылар экипажы жедел көмек жетті.

Оқиға орнында зардап шеккен азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, эвакуацияға дайындалып, «Альпийская Роза» туристік кешеніне жеткізілді. Ол жерде ТЖМ апаттар медицинасы орталығының бригадасы оны күтіп тұрған болатын.

«Турист медицина қызметкерлеріне табысталып, қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды.

Айта кетейік, құтқарушылар күрделі тау жағдайында зардап шеккен азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, өз жұмыстарын жедел және кәсіби тұрғыда атқарды», - делінген ведомство хабарламасында.