Семейде мас жүргізушіні тоқтату үшін полицейлер көлігіне оқ атты (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Түнгі уақытта мас жүргізуші анықталды

Фото: Видеодан скрин

Семейде полицейлер мас жүргізушіні тоқтату үшін көлігінің дөңгелегі оқ атты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция депаратментінің мәліметінше, түнгі сағат бірлер шамасында полицияға қоңырау түскен. Өскемен көшесімен эвакуатор жоғары жылдамдықпен кетіп бара жатқаны, жүргізушісі мас болуы мүмкін екені айтылған.

«Барыс 615» патрульдік полиция экипажы күдікті көлікті байқап, тоқтауды бұйырады. Алайда жүргізуші бұған бағынбай, жүрісін жалғастырып, жаяу жүргіншілер мен басқа көліктерге қауіп төндірген.

«Қуу басталды. Жүргізуші ескерту дабылына, полицияның талабына құлақ аспай, түрлі маневр жасайды. Оны тоқтату үшін полицей алдымен ауаға ескерту оғын атып, кейін көліктің дөңгелектеріне оқ жаудырады. Дөңгелектері тесілгеннен кейін ғана эвакуаторды тоқтату мүмкін болды.

Тізгінде 29 жастағы семейлік тұрғын болған. Медициналық сараптама оның орта деңгейде мас болғанын көрсетті. Жүргізуші айықтырғышқа жеткізілді, эвакуатор арнайы тұраққа қойылды.

Жүргізушінің масаңдығы басылғаннан кейін оған 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін семейлік тұрғынға 40 АЕК (2025 жылы — 157 280 теңге) мөлшерінде айыппұл салынуы немесе 3 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.