Заң бұзушылықтар анықталды
Жетісу облысында медициналық қалдықтарды кәдеге жарату барысында заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД хабарламасында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 100-бабына сәйкес, Г класындағы медициналық қалдықтар токсикологиялық жағынан қауіпті болып саналады және олардың қауіптілік деңгейі өнеркәсіптік қалдықтармен салыстырылады.
Экологиялық кодекстің 336-бабына сәйкес, қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, залалсыздандыру және кәдеге жарату лицензияланған қызмет болып табылады. Алайда Жетісу облысында 8 факті бойынша мердігерлер лицензиясыз қызмет көрсеткен.
Табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актілері негізінде тәртіп бұзушылар әрқайсысына 2 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, тапсырыс беруші мекемелердің 8 жауапты лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.