Күдіктіден 200 грамнан астам мефедрон тәркіленді
Павлодарда жедел іс-шара кезінде полицейлер 21 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол синтетикалық есірткіні аса ірі көлемде сақтады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, тексеру барысында оның көлеңкелі интернет-дүкендерде ірі көлемде есірткі жасырып кетуші болып жұмыс істейтіні анықталды. Одан жалпы салмағы 200 грамнан асатын «мефедрон» оралымдары табылып, тәркіленді.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты аса ірі көлемде есірткіні заңсыз сақтау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол қамауға алынды.
Сондай-ақ тергеушілер оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Министрлік жариялаған бейнежазбада жас жігіттің арнайы жасақтан қашпақ болғаны, бірақ сәтсіздікке ұшырағаны көрсетілген.