Алғашқы жеткізілім Нью-Йоркке жетті
Қазақстанда өндірілген ұн алғаш рет Amazon және Walmart онлайн платформаларында сатылымға шықты. Алғашқы 50 тонна бидай ұны Нью-Йоркке жеткізіліп, Eurasian Legacy брендімен тұтынушыларға ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бұл – ұлттық өнімді АҚШ-та сатудың жаңа стратегиясы аясындағы алғашқы ірі экспорттық жоба. Ендігі мақсат – ай сайынғы жеткізілім көлемін 100 тоннадан асыру. Бұл бағытта QazTrade қолдау көрсетуде.
Amazon-да 1,36 келілік қаптама бағасы – 14,5 доллар. Қаптамадағы «Product of Kazakhstan» белгісі «Қазақстанда жасалған» брендіне халықаралық бедел қалыптастырып, елімізді экологиялық таза әрі сапалы өнім жеткізуші ретінде танытуға мүмкіндік береді.
Ұннан бөлек, қазақстандық қарақұмық, гранола, талқан, шоколад пен какао өнімдері де АҚШ серіктестеріне таныстырылды. Қазір өнімдерді мейрамханаларға, кофеханаларға және жергілікті асханаларға жеткізу туралы келіссөздер жүріп жатыр.
Сонымен бірге, Costco, Whole Foods және Trader Joe’s сияқты ірі сауда желілеріне шығу мәселесі қарастырылуда.
QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаровтың айтуынша, Вашингтонда QazTrade кеңсесінің ашылуы америкалық дистрибьюторлармен тікелей жұмыс істеуге жол ашқан.
«Алдағы уақытта Нью-Йорк, Чикаго және Вашингтон қалаларында қазақстандық өндірушілердің бизнес-миссиясын өткізу жоспарлануда. Бұл HoReCa сегментіне шығуға үлкен мүмкіндік береді», – деді ол.