Алматыда жеңіл көлік аялдамаға соғылып, автобус күтіп тұрған бойжеткен зардап шекті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жол апаты түскі уақытта болды

Фото: T.me/Kris_p_almaty

Алматыда Назарбаев даңғылында болған жол апатында 20 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Көлік жүргізушісі аялдамаға соғылып, металл тіреулер құлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты бүгін сағат 13:45 шамасында Бостандық ауданында болған.

«Daimler Chrysler» автокөлігінің жүргізушісі Назарбаев даңғылымен оңтүстік бағытта келе жатып, рөлге ие бола алмай, алдымен бордюрге, кейін аялдама кешеніне соғылған.

«Осыдан кейін ол жол жиегіне шығып кетіп, аялдама кешеніне соғылды. Металл тіреудің сынықтары 20 жастағы жаяу жүргіншінің денсаулығына зиян келтірді. Қыз қаладағы ауруханалардың біріне жеткізілді», – деп хабарлады полиция.

Апат фактісі бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізуде.