Жастарды қолдайтын қандай бағдарламалар бар
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастарын қолдау маңызды екенін үнемі ескертеді. Жастардың дамуы мемлекеттің басты ұстанымының бірі. Бұл бағыттағы саясат жастардың білім алуына, кәсіби дамуына, тұрғын үй алуына және шығармашылық әлеуетін арттыруға жағдай жасауды көздейді. Сондықтан, республика көлемінде жастарды жан-жақты қолдауға арналған ауқымды бағдарламалар орындалып жатыр, деп жазады Azattyq Rýhy.
Жастарға білім: гранттар мен стипендия, жатақхана
Елімізде жоғары және орта білім саласында жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекеттік гранттар саны жыл сайын артып, ал студенттердің стипендиялары кезең-кезеңімен өсіп жатыр.
Республикада «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр.
Президент биылғы жолдауында цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатқанын айтып, жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс артып келетінін жеткізді. Жасанды интеллектіге бейім, озық технологияларды меңгерген жастардың қатарын арттыру үшін «Qazaq Digital Mektebi» мектеп үлгілері әзірленбек.
«Сол себепті менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Алайда жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс. Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Тоқаев.
Жоғары оқу орнында білім алып жатқан студенттердің жағдайы да жыл сайын жақсарып келеді. Оған дәлел жатақханалардың артып, стипендия көлемінің жыл санап көбеюуі.
Мәселен, биыл 1 қыркүйектен бастап білім алушылардың стипендиясы бакалавриат үшін 52 372 теңге, магистратура 117 098 теңге және докторанттар үшін 262 500 теңге болды. Яғни, осы жылы бакалавриат деңгейінде стипендия мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге, ал магистратура мен докторантура деңгейінде 1,75 есеге артып отыр.
Соңғы бес жылда Қазақстанда гранттар саны 1,4 есеге өсті. 2024-2025 оқу жылына 93 116 грант бөлінген: бакалавриат – 77 084, магистратура – 13 113, докторантура – 2 919.
Қазір жатақханалардағы орын тапшылығы 2019 жылы 82 500-ден 2024 жылы 14 873-ке дейін азайды. Осы ретте, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жатақханалардан орын беру жөніндегі мемлекеттік қызмет проактивті формат бойынша ұсынылады.
Ал биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) 210 мыңнан астам талапкер қатысты. Олардың 160,5 мыңы немесе 76,35%-ы жоғары білім алуға қажетті шекті балл жинады. ҰБТ-ның орташа балы – 69,42.
2025 жылы мемлекеттік білім беру гранттарына шамамен 113 мың өтінім түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға артық. Биыл кадрларды жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі біліммен даярлауға 93 232 грант бөлінді, оның ішінде 77 084-і – жоғары білім беру бағдарламаларына. Байқау қорытындысы бойынша гранттар 99% көлемінде игерілді.
Ауылға барған жас мамандарға қолдау
Жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске асып жатыр. 2025–2027 жылдары бұл жобаға 25 миллиард теңге бөлініп, 2,8 мың жас маманға қолдау көрсетіледі. Бағдарлама аясында көтерме жәрдемақы, жеңілдетілген ипотека мен ұзақ мерзімді несие ұсынылады. Шарт бойынша, жастар ауылда кемінде үш жыл жұмыс істеуі тиіс. Бұл ауылдық аймақтардың әлеуметтік дамуына серпін береді.
2025-2027 жылдары «Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауылдық аумақтарды білікті кадрлармен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқара отырып, Қазақстанда оны белсенді іске асыруды жалғастырады. «AMANAT» партиясының 2003-2007 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының жол картасын орындау шеңберінде ауылдық жерге жіберілетін мамандарға бюджеттік кредит беруге 2025 жылы 25 млрд теңге қарастырылған. Бұл шамамен 2,8 мың маманды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Дипломмен ауылға» мемлекеттік жобасы 2009 жылдан бері іске асырылып келеді. Ол ауылдағы кадр тапшылығы проблемасын шешуге арналған. Негізгі мақсат - денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен саласына, сондай-ақ жергілікті жерлердегі мемлекеттік басқару органдарына дипломды мамандарды тарту.
Жобаға қатысушыларға мынадай әлеуметтік қолдау шарасы ұсынылады:
Жастарға арналған баспана бағдарламалары
Қазақстанда жастардың баспаналы болуына жағдай жасау мемлекет саясатының басым бағыты болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың тұрғын үй мәселесін шешу олардың елде тұрақтап, еңбек етуіне, отбасын құрып, сапалы өмір сүруіне ықпал ететінін бірнеше рет атап өтті. Осы мақсатта жастарға арналған бірқатар тұрғын үй бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. 2024 жылдан бастап енгізілген «Наурыз» бағдарламасы жас отбасыларға және еңбек жолын жаңа бастаған жастарға жеңілдетілген ипотекалық несие алуға мүмкіндік береді.
Ал 2025 жылы іске қосылған жаңа «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер сияқты жас мамандарға арналған. Онда табысы төмен азаматтарға басымдық беріліп, жеңілдетілген ипотеканың ерекше шарттары ұсынылады. Бұдан бөлек, жастар арасында танымал «7-20-25» бағдарламасы да бар. Оның шарттары бойынша тұрғын үйді 7 пайыздық мөлшерлемемен, 20 пайыз бастапқы жарнамен, 25 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Жас отбасылар тұрақты табыс болған жағдайда осы бағдарламаның игілігін кеңінен пайдаланып келеді.
Саясаттағы жастардың рөлі
Мемлекет басшысы жастардың ұстанымы мен белсенділігі елдегі реформалардың мән-мағынасын айқын көрсетіп отыр. Әділетті Қазақстан құруға үлес қосатын «Жаңа адамдар» қозғалысының кездесуінде президент Қазақстан балалар мен жастарға жан-жақты қолдау көрсететін әлемдегі аз елдердің бірі екенін айтқан еді. Соңғы жылдары енгізілген бастамалар соның айқын дәлелі. Ұлттық қордың табысының бір бөлігі балалардың есепшотына аударылып, кәмелетке толған кезде ол қаражатты оқу ақысына немесе баспана сатып алуға жұмсау мүмкіндігі берілді. Бұдан бөлек, «Келешек» бағдарламасы іске қосылып, ата-аналарға балаларының болашағына қаржы жинауға ыңғайлы жағдай жасалды. Әрбір бала мектепте тегін білім алады, бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылды, ал оқушылар түрлі үйірмелер мен секцияларға мемлекет есебінен қатыса алады.
Сондай-ақ, «Президенттік жастар кадр резерві» жастардың билікке араласуына мүмкіндік берілді. Саяси реформалар аясында Мәжіліс пен мәслихаттарда жастарға арналған арнайы квота енгізіліп, өкілдік билікке тың серпін берілді. Бүгінгі таңда белсенді жастардың Парламентке, мәслихаттарға немесе Үкімет құрамына ену мүмкіндігі артып отыр.
Жастарды қолдау тек білім мен саясатпен шектелмейді. Мемлекет жас кәсіпкерлерге және жас отбасыларға жеңілдікпен несие беруді қарастырған. Бұл бастама олардың бизнесін дамытуына және баспана алуына жол ашады.
Осылайша, мемлекет жүргізіп отырған саясаттың түпкі мақсаты жастардың әлеуетін ашып, оларды елдің дамуына белсене қатысуға ынталандыру. Жастар Қазақстанның басты ресурсы, ал олардың табысты болуы - ел болашағының кепілі.